Қазақстанда футбол клубтарын жекешелендіру процесі жаңа кезеңге қадам басты. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша, отандық және шетелдік инвесторлар бірнеше аймақтың жетекші клубтарына қызығушылық танытып отыр. Мақсат клубтардың қаржылық тұрақтылығын арттырып, инфрақұрылымын дамыту, футбол саласында жеке капиталдың жауапкершілігін күшейту. Мемлекет футболды қаржыландыруды біртіндеп азайтып, спортты өздігінен табыс табатын салаға айналдырмақшы, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министрдің сөзінше, ірі компаниялар мен кәсіпкерлер нақты жоспарлармен келген. Айталық, «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» Петропавлдағы «Қызыл-Жар» клубын сатып алу мүмкіндігін қарастыруда.
Ал «Freedom Finance» компаниясы Қарағандының беделді ұжымы «Шахтер» үшін жаңа стадион мен футбол академиясын салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба жүзеге асса, өңір жастарына кәсіби деңгейде дайындық алуға мүмкіндік тумақ.
Бектеновтің айтуынша, «Kaspi Group» Астананың «Жеңіс» клубын иеленіп, елордада футбол инфрақұрылымын дамытуды көздеп отыр. Ал Қызылордадан шыққан TAU GROUP LTD компаниясы туған жерінің намысын қорғайтын «Қайсар» клубын жеке басқаруға алуға ниетті.
Сонымен қатар, Үкімет «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтарына қатысты да бірқатар инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатқанын растады.
Футбол саласында мұндай өзгеріс кездейсоқ шешім емес. Соңғы жылдары мемлекеттік қаржыға тәуелді клубтар өз-өзін қамтамасыз ете алмады, ал кей өңірлерде тіпті командалар таратылып кетті.
Спорт сарапшыларының пікірінше, жекешелендіру арқылы футбол экономикалық тәуелсіздікке қадам басады, ал командалар нақты нәтижеге жұмыс істей бастайды. Себебі жеке капитал табыссыз жобаны ұстамайды, сондықтан сапалы менеджмент пен дұрыс маркетинг қажет болады.
Еуропа тәжірибесі де осы бағытты қолдайды. Мысалы, Түркия мен Польшада клубтардың басым бөлігі жеке иелікке берілгеннен кейін, бюджеттен қаржы алуды тоқтатып, өз демеушілері мен жанкүйерлерінің есебінен өмір сүріп келеді. Қазақстан да осы бағытқа бет алды. Мемлекет инфрақұрылымдық қолдау көрсетіп, инвесторлар арқылы спорттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат тұтады.
Сондықтан жекешелендіру футболшылардың жалақысын қысқарту емес, клубтардың өз өнімін, өз тарихын және өз мәдениетін қалыптастырудың алғышарты. Мемлекет қолынан келгенін жасап, енді алаңға инвесторлар шықты. Ал олардың әрекеті мен ниеті енді футболдың тағдырын айқындайды. Қазақстан футболының жаңа бетбұрысы осылай басталмақ.