«Бәйтерек» холдингі жеке банктер секілді толық бақылаудан тыс, параллельді қаржы жүйесіне айналып кеткен жоқ па? Осы сауалға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов түсініктеме берді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Холдинг бүгінде бизнесті қолдаудың барлық қаржылық құралдарын несиелеу, лизинг, сақтандыру, субсидиялар мен кепілдіктерді өзіне шоғырландырған. Алайда, жеке банктерге қойылатын қатаң бақылау мен реттеудің астында емес.
Сүлейменовтің өзі де жағдайдың алаңдатарлық екенін жоққа шығармады.
«Шынында да, «Бәйтеректе» қаржы нарығының барлық мүмкіндіктері бар: несие береді, кепілдік ұсынады, субсидия бөледі. Бірақ, менің білуімше, бұл құрылым толыққанды банктік реттеуге жатпайды. «Қазақстанның Даму банкі», «Отбасы банк» секілді ұйымдарда бөлек заңдар мен қадағалау элементтері болғанымен, олардың деңгейі жеке банктерге қойылатын талаптардан мүлдем басқаша», – деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттік құрылымдар нарықтағы жеке ойыншылармен бәсекелескенде шарттар әділ әрі ашық болуы тиіс.
«Егер ережелер әртүрлі болса, бизнестің бәсекеге қабілеті төмендейді. Сондықтан бұл мәселені Үкімет және Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп талқылау қажет. Холдинг шамадан тыс қарыз алып қоймауы, сондай-ақ барлық ресурсын бір ғана ірі жобаға бағыттамауы керек. Бұл мәселені Үкімет те, холдинг басшылығы да бақылап отыр деп сенемін. Қосымша бақылау мен реттеу қажет пе, жоқ па әзірге нақты айта алмаймын. Бірақ сұрақ өте орынды. Міндетті түрде талқылап, қорытынды жасаймыз», – деді Сүлейменов.
Бұған дейін президент Тоқаев «Бәйтеректі» толық трансформациялау керектігін айтқан еді.
«Бәйтерек» холдингі Қазақстан үкіметімен тығыз байланысты, үкімет оның жалғыз акционері әрі басқаруға тікелей қатысады.
Холдингтің құрамына сегіз еншілес ұйым кіреді: «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы АҚ, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Bereke Bank» АҚ. Аталған акционерлік қоғамдардың барлығы түгелдей (100%) холдингке тиесілі.
Еске сала кетейік, 28 қарашада Ұлттық банк базалық ставканы өзгеріссіз, 18% деңгейінде қалдырған болатын.

