Премьер Бектенов «Ақ жол» партиясының «Тоқаев тапсырмасы бұрмаланды» деген мәлімдемесіне жауап қатты, деп жазады Ertenmedia.
Бұған дейін «ақжолдықтар» президент Тоқаевтың экономикадағы мемлекеттің үлесін қысқарту мақсатында енгізген «сары парақ» (yellow pages) қағидаты толық орындалмай отыр деп дабыл қаққан.
Депутаттардың айтуынша
ҚаржыМин тендірге квазимемлекеттік сектордың қатысуын шектеуді тек тікелей мемлекетке тиесілі ұйымдарға ғана қолданған. Ең қызығы «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниялары шектеуден тыс қалып қойған.
Премьер Бектенов жауабында биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген «Мем.сатып алу туралы» заңның жаңа тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
«Заңда жеке кәсіпкерден екі немесе одан көп өтініш түссе, мемлекеттік кәсіпорындардың өтініші веб-портал арқылы автоматты түрде кері қайтады. Норма Мемлекеттік сатып алу ереженің 193-1 тармағында нақты жазылған. Акциясының, үлесінің 50 және одан жоғары пайызы тікелей мемлекетке тиесілі ұйымның өтінішін алгоритм автоматты түрде қабылдамайды», – деді Бектенов.
Айтуынша, ұйым акциясының мемлекетке тиесілі екені құрылтай құжаты немесе акционерлер тізімі арқылы анықталады. Егер құрылтайшы ретінде Үкімет, ҚаржыМин, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, орталық немесе жергілікті атқарушы орган көрсетілсе, ондай ұйымға жаңағы шектеу қолданылады.
Үкіметбасының сөзіне қарағанда, тендірге қатысуға қойылған шектеу акциясы тікелей мемлекетке тиесілі «Самұрық-Қазына» қорының өзіне ғана қатысты.
«Қордың еншілес кәсіпорындарын мем.сатып алудан шеттетер болсақ, олардың қаржылық тұрақтылығы шайқалып, инвест тартымдылығы мен көрсетер қызметінің сапасы төмендеп кетеді. Сондай-ақ жұмыс орындарының қысқаруына, мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтің азаюына және басқа да әлеуметтік қиындықтарға алып келуі мүмкін», – деп түйіндеген екен премьер.
Айта кетелік, бұған дейін «Ақ жол» депутаттары ҚаржыМиннің «мемлекеттік компания» ұғымын тым тар мағынада қолданып, «Самұрық-Қазынаға» қарасты компанияларды «сары парақ» қағидатынан шеттеткенін, мұның Тоқаев тапсырмасын бұрмалау екенін мәлімдеген.
Партия осы мәселеге жауапты тұлғаларды жауапқа тартып, ережені заңға сәйкес қайта қарауды талап етуде.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

