Қазақстанның тұңғыш атом электр станциясының іргетасы Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында 2029 жылы ғана құйыла бастайды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев Ақордадағы жиын арасында журналистер сұрағына жауап беріп, осылай деді. Сәтқалиевтің айтуынша, қазір құрылысқа дайындық жұмысы жоспарға сай жүріп жатыр.
Дегенмен станция құрылысы нақты қашан басталатыны тек жобалау мен іздестіру жұмысы аяқталған соң белгілі болады.
«Осы уақытқа дейін шамамен 50 ұңғыма бұрғыланды, топырақ үлгісі алынып, зертханаға жіберілді. Екі мыңға тарта нүктеден радионуклидтер бар-жоғы тексерілді. Бұған қоса гидрологиялық, гидротехникалық, инженерлік және топографиялық зерттеу жұмысы аяқталды. Аймақта екі гидробекет орнатылды. Алдағы бір жарым жылдың ішінде жоба-іздестіру кезеңін толық аяқтап, станцияның нақты кескін-келбеті мен параметрлерін білеміз», – деді агенттік төрағасы.
Сәтқалиев нақты құрылыс мерзімі жабдық түрі мен техникалық ерекшеліктерге байланысты екенін айтты.
«Атомшылардың тілінде алғашқы іргетасты құюды «бірінші бетон» дейді. Бұл мерзім жоба-іздестіру жұмысы біткен соң ғана нақты айтылады. Жабдықтардың құрамы мен технологиялық сипаттамаға байланысты мерзім өзгеруі мүмкін. Әзірше, ресейлік жоба бойынша шамамен 2029 жылды бағдарлап отырмыз», – деді ол.
Оның айтуынша, атом станциясын салу технологиялық тұрғыдан аса күрделі, жан-жақты зерттеуді әрі терең дайындықты талап ететін маңызды жоба.
Еске сала кетейік, Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша конкурс нәтижесі биыл 14 маусымда жарияланған. Бірінші АЭС-ті салуда Ресейдің «Росатом» корпорациясы жеңімпаз болса, екінші станцияның құрылысын жүргізу қытайлық CNNC компаниясына тапсырылған болатын.

