Жұма күні өткен XIII Қазақстан қаржыгерлер конгресінде Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова банк саласының ел экономикасының цифрлық трансформациясына қалай қатысып жатқанына тоқталды деп жазады шараға қатысқан Ertenmedia тілшісі.
Шаяхметованың айтуынша, бүгінде банк секторы Қазақстан экономикасының ең қарқынды дамып жатқан әрі цифрландырудың көшбасшысы саналатын бағытының бірі.
Соңғы уақытта жиі айтылатын «дәстүрлі банктердің орнын IT-компаниялар мен финтех-компаниялар басады» деген болжам шындыққа жанаспайды. Керісінше, классикалық банктердің цифрлық технологияға салған инвестициясы мен жаңа бағыттарға тез бейімделуі арқасында олардың нарықтағы орны нығая түскен.
«Қазір банктер тек несие берумен шектелмейді, олар цифрлық жобаларға да белсенді инвестиция салуда. Төлем жүйелері, активтерді сақтау мен басқарудан бастап, компанияларға арналған b2b-қызметтерге дейінгі ішкі процестердің барлығы цифрлық форматқа көшіріліп жатыр», – деді банк басшысы.
Шаяхметова бұған дейін шағын бағыт ретінде қарастырылған криптовалюта, цифрлық активтер мен стейблкоиндер сияқты жаңа сегменттердің де бүгінде ірі қаржы институттарының стратегиялық талқылауына айналғанын атап өтті.
«Біз финтех-компанияларға өз платформаларымыз арқылы төлем және басқа да цифрлық қызметті пайдалануға мүмкіндік береміз. Сонымен қатар түрлі стартаптарға инвестиция салып, олардың акселераторларына қатысамыз», – деді ол.
Дегенмен, Үміт Шаяхметова елдегі жоғары деңгейдегі цифрландыру мемлекет тарапынан да теңгерімді реттелуі керек деп есептейді. Оның пікірінше, мемлекет қаржы нарығында толыққанды ойыншы емес, тек бақылаушы әрі инфрақұрылымдық серіктес рөлін атқарғаны жөн.
«Менің байқауымша, қазір мемлекет жеке бизнес үшін қалыптасқан бәсекелі нарыққа жиі кіріп кетуде. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, мессенджерлер, тіркеу қызметтері, электронды сауда алаңдары секілді бағыттарға мемлекеттің араласуы дұрыс емес. Бұл нарықтың дамуын тежеп, бәсекені әлсіретеді», – деді Halyk Bank басшысы.
Алайда ол төлем жүйелері сияқты ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты бағыттарда мемлекеттің белсенді рөлі қажет екенін айтты.
«Мысалы, QR-код арқылы төлем ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Осы бағытта мемлекеттің рөлі айқын болуы керек», – деді ол.
Бұдан бөлек, Шаяхметова несие нарығындағы мемлекеттің шамадан тыс қатысуын да сынға алды. Жыл басынан бері банктердің бизнеске берген несиесі шамамен 12%-ға өссе, мемлекеттік компаниялар арқылы берілген несие көлемі 20%-дан асқан.
«Мемлекеттік компаниялар бизнесті арзан әрі нарыққа сай келмейтін шарттармен қаржыландыруды көбейтті. Нәтижесінде, олардың сыртқы және ішкі қарызы 25 млрд долларға жетті. Мұндай жағдайда жеке банктерге мемлекеттік компаниялармен бәсекеге түсу қиын. Мемлекет нарық тиімді жұмыс істеп тұрған жерде өз қатысуын шектеуі керек», – деді банкир.
Оның айтуынша, экономиканы дамыту үшін мемлекеттің реттеуші рөлі мен жеке бизнестің еркіндігі арасында нақты тепе-теңдік қажет. Осы баланс сақталмаса, бүкіл экономиканың қарқыны баяулайды.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

