Қазақстанның мұнай компанияларынан түскен салық түсімі 3 триллион теңгеден асып кетті. Бұл сомаға негізгі үлесті еліміздің мұнай саласындағы үш алпауыт компания қосқан, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартысында мұнай өндіруші компаниялардан бюджетке жалпы 3,167 трлн теңге көлемінде салық түскен.
Оның ең ауқымды үлесі «Теңізшевройлға» тиесілі компания 1,5 трлн теңге төлеген.
Қарашығанақ жобасының операторы «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» осы кезеңде 663,7 млрд теңге аударған.
Ал «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) игеріп жатқан Қашаған жобасынан бюджетке 213,9 млрд теңге көлемінде қаржы түскен.
Комитеттің айтуынша, мұнай секторындағы компаниялардың төлейтін салығы негізінен Ұлттық қордың қоржынын толтырады.
Бұл көрсеткіштің өсуі немесе кемуі сыртқы нарықтағы бағаға және ел ішіндегі өндіріс көлеміне тікелей байланысты.
Айта кетейік, биылғы жарты жылда Қазақстанда жалпы 49,9 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген. Соның ішінде 19,46 млн тоннасы (155,3 млн баррель) Теңіз кен орнының үлесіне тиесілі.