Мәжіліс төрағасының орынбасары Дәния Еспаева тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін коммерциялық банктерге ашу мәселесіне қарсы шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Алматыда өткен арнайы конференцияда сөз алған вице-спикер ұсыныс депутаттар арасында үлкен дау тудырғанын айтты.
«Депутаттар жаңа заң жобасындағы осы бапты көргенде, біраз сұрақ туындады. Соның алғашқысы тұрғын үй жинақ жүйесін дәл қазір коммерциялық банктерге ашудың қандай қажеттілігі бар? Бұл қадам мемлекетті қандай тәуекелдерге апарады?» – деді Еспаева.
Оның айтуынша, негізгі күмән Отбасы банк арқылы берілетін мемлекеттік сыйақыларға байланысты. Қазіргі жүйеде мемлекет бюджеттен бөлген ақшаны дивиденд ретінде қайтадан өзіне қайтарып алады. Егер бұл механизм бұзылса, мемлекеттің қаржысына үлкен қауіп төнбек.
«Мәселен, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағдарламаларында бюджет ақшасы кейде жарты жылға, тіпті бір жылға кешігеді. Бірақ Отбасы банк бюджеттің ақшасы түспесе де, мемлекеттік сыйақыны тоқтатпай төлеп отыруға міндетті. Бұл мемлекеттік институттың жауапкершілігі. Ал ертең коммерциялық банктер не істейді? Әрине, олар мемлекет он миллиардтап қарыз болып отырса, өз қаржысынан сыйақы төлеуге бармайды», – деп қадап айтты депутат.
Еспаева сыйақы төлеу мәселесі ғана емес, бұл жүйенің ашық не жабық болатыны да нақты емес екенін атап өтті.
«Біз бүгін екінші деңгейдегі банктер тұрғын үй жинақ жүйесін қалай жүргізеді ашық түрде ме, әлде жабық түрде ме, сол мәселені талқылап отырмыз. Бірақ парламентке келген заң жобасында осы сұрақтарға жауап жоқ», – деді ол.
Депутаттардың тағы бір алаңдайтын мәселесі алдағы үш жылдық бюджетте Отбасы банк салымшыларына сыйақы төлеуге қаражаттың мүлде қарастырылмағаны.
«2026 жылғы бюджеттің жобасында Отбасы банктің депозиттік портфеліне сыйақы төлеуге бір тиын бөлінбеген. Сонда басқа банктерді бұл жүйеге қалай тартамыз? Ертең олардың алдында мемлекет қалай жауап береді?» – деді Еспаева.
Оның пікірінше, қазір Отбасы банк мемлекеттік дивиденд есебінен бюджет жетпеген тұсты жауып келеді. Ал коммерциялық банктерде мұндай міндет те, ниет те жоқ.
Сонымен қатар, мемлекеттік сыйақының қазіргі моделі бюджетке ауыр салмақ түсіріп отыр. Қазір сыйақы ипотеканы бірінші рет алушыға да, екінші, үшінші мәрте алушыға да бірдей төленуде.
«Менің ойымша, мемлекеттік сыйақы төлеу тәртібін қайта қарайтын уақыт келді. Бір емес, бірнеше рет ипотека алғандарға сыйақы төлеудің қажеті бар ма? Егер салымшы ипотека алып қойған болса, мемлекеттен сыйақы төлеуді жалғастыру дұрыс па? Бұл бюджетке үлкен салмақ», – деді вице-спикер.
Осыған байланысты ол мемлекет Отбасы банкінен алатын дивиденд көлемін мемлекеттік сыйақы мөлшеріне қысқартуды ұсынды.
«Әрине, бұл мінсіз шешім емес, бірақ қазіргі жағдайда басқа амалымыз жоқ секілді», – деді депутат.
Қорытындылай келе, Дәния Еспаева осы нормаға қатысты Мәжіліс депутаттары әлі түпкілікті ұйғарымға келмегенін жеткізді.
«Кей депутаттар осы норманы мүлдем алып тастауды қолдап отыр. Не оны қайта пысықтаймыз, не заң жобасынан алып тастаймыз. Бірақ қазір нақты шешім жоқ. Ең бастысы алдымен мемлекеттік сыйақы мәселесін шешіп алу қажет, содан кейін ғана бұл жүйені өзге банктерге ашуға болады», – деді ол.
Айта кетелік осыған дейін «Отбасы банкінің» басшысы Ләззат Ибрагимова (суретте) табысы жоғары, бай санатқа жататын салымшылардың депозитіне мемлекеттік сыйақыны есептемеуді ұсынған.
«Мемлекеттік сыйақыны барынша нақты әрі мақсатты төлеуге көшу керек. Мәселен, орташа немесе ортадан төмен табысы бар азаматтарға төлеген жөн. Ал аса ауқатты топқа жататын салымшыларға мемлекет есебінен сыйақы төлеудің қажеті шамалы», – деген еді Ибрагимова Atameken Business-ке берген пікірінде.
Қазір Отбасы банктегі салымшылардың жылдық жинақ сомасының 20 пайызы көлемінде мемлекет тарапынан сыйақы төленеді.
Мемсыйақы тек «Отбасы банкіне» байланбайды: Жинақ жүйесіне жаңа ойыншылар қосылады