Күнделікті өмірде қолданылатын кейбір тұрмыстық бұйымдардың құрамындағы химиялық заттар балалардың иммунитетіне кері әсер етуі мүмкін. Америкалық педиатрлар жүргізген зерттеу осындай қауіп бар екенін көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, микротолқынды пешке арналған қаптамалар, жабыспайтын жабындысы бар ыдыстар және тұрмыстық текстиль құрамында кездесетін перфторланған қосылыстар (PFAS) балалардың ағзасында антиденелердің түзілуін әлсіретуі мүмкін.
Ғалымдардың пікірінше, бұл заттар қанға түскен жағдайда вакцинадан кейін қалыптасатын иммунитетті төмендетеді. Әсіресе дифтерия мен сіреспеге қарсы қорғаныс әлсіреуі ықтимал.
Зерттеуді Гарвард қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің мамандары жүргізген. Олар Атлант мұхитының солтүстігіндегі Фарер аралдарында тұратын 587 баланы бақылауға алған. Бұл өңірде теңіз өнімдері көп тұтынылады, ал дәл осы өнімдерде перфторланған қосылыстар жиналуы мүмкін.
Ғалымдар жеті жастағы балалардың қанындағы аталған заттардың деңгейін өлшеген. Нәтижесінде олардың мөлшері орташа көрсеткіштен екі есе жоғары болған. Сонымен қатар вакцинадан кейін түзілетін антиденелер деңгейі 49 пайызға төмендегені анықталған.
Перфторланған қосылыстардың адам ағзасында ыдырау мерзімі ұзақ – 4 жылдан 8 жылға дейін. Сондықтан бұл заттардың әсері уақыт өте жинақталып, иммундық жүйеге ұзақ мерзімді ықпал етуі мүмкін.
Зерттеу авторларының бағалауынша, мұндай жағдай балалардың дифтерия мен сіреспе ауруларына шалдығу қаупін төрт есеге дейін арттыруы ықтимал.
Мамандар тұрмыста қолданылатын өнімдердің құрамына мән беріп, әсіресе балалардың денсаулығына әсер етуі мүмкін факторларды ескеруге шақырады.
Кір жуғыш машинаның ішкі құрылысы мен жұмыс істеу принципін қарапайым тілмен түсіндіріп, оған қалай дұрыс күтім жасау керектігі туралы кеңестер құлақ асыңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







