ҚМДБ Оразаға қатысты маңызды сауалдарға жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Ұйықтап қалып, сәресін өткізіп алған кісілер не істейді?
Сәресі ішу парыз емес. Ұйықтап яки басқа себептермен сәресін өткізіп алғандар ештеңе ішіп-жеместен ораза ұстауын әрі қарай жалғастыра береді. Бірақ сәресіні жіберіп алмауға тырысқан жөн.
Хадисте: «Сәресі ішіңіздер, себебі сәресіде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресіні тастамаңдар. Себебі сәресіге тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешіріп тілейді», — делінген.
Сәресі мезгілі – дұға-тілектер қабыл болатын ең берекетті уақыт. Сәресі ішу адамға күш береді, күндізгі жұмыстарын тыңғылықты атқаруға, ғибадаттарын кемшіліксіз орындауға көмектеседі. Бұған қоса, сәресіге тұрған кісі сүннет сауабын алады. Себебі сәресі жеу – пайғамбарымыздың сүннеті.
Сәресіге тұрған кісі артынша сәре уақыты шықпай тұрып «Тәһәжжуд» намазын оқып, Раббысына мінәжат етсе нұр үстіне нұр.
Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн, аяғында үш күн ауыз бекіту дұрыс па?
Ораза айын ауру яки жолаушылық себептерден тыс бұлай бөле-жарып ұстауға болмайды. «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Кімде-кім ораза айына жетсе, оны толықтай ұстасын» делінген.
Алдыңғы оразадан қарызы бар адам не істейді?
Ханафи мәзхабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан рамазанға дейін өтеу шарт емес. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Кімде-кім сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуға рұқсат) басқа күндері қазасын өтесін»[1], – дей отырып, Алла қаза ету уақытын шектемей, жалпылама айтып отыр.
Сондықтан да келесі рамазан айына дейін өтеу міндет емес. Десек те оразаның қазасын тездетіп келесі оразаға дейін өтеп тастаған абзал.
Рамазан қандай ай?
Ислам күнтізбесінде Рамазан — бүкіл әлемдегі мұсылмандар таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ұстайтын тоғызыншы ай. Рамазан – ең қасиетті айлардың бірі. Ораза тек аштықты сезіну емес, сонымен қатар, рухани тазару кезеңі.
Ораза 2025 қашан басталды?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе биыл Рамазан айы басталатын күнді бекітті.
Ортақ пәтуаға сәйкес қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталды. Биылғы ораза 29 күнге созылып, 29 наурызда аяқталады. 30 наурызда Ораза айт басталады.