Қазақстанда алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтардың нақты табысын анықтауға Мемлекеттік кірістер комитеті көмектеседі. Бұл туралы Әділет министрлігінің мәжбүрлеп орындау комитетінің төрағасы Мақсат Балабеков мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Балабековтың айтуынша, елімізде алимент қарыздарын өндіріп алуға кедергі келтіретін негізгі мәселенің бірі борышкердің шынайы табысын жасыруы.
«Алимент өндіріп алу кезіндегі басты проблема борышкердің нақты табысын жасырын ұстауы. Яғни, ресми түрде ең төменгі жалақыны көрсетеді де, алимент соның негізінде есептеледі. Табыс туралы нақты ақпарат болмаса, берешекті өндіріп алу да, оның шынайы кірісін дәлелдеу де мүмкін емес», – деді ол.
Осыған орай Әділет министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қаржы министрлігі кірістер туралы деректерді ашық әрі толық алу үшін өзара интеграцияны қолға алды.
«Қазір біз Еңбек министрлігімен және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірігіп, табыстар мен келісімшарттар туралы қосымша ақпарат алу үшін интеграция жүргізіп жатырмыз. Осы арқылы борышкердің нақты кірісі анықталып, сот арқылы алименттің әділ сомасын белгілеуге болады. Арнайы іс-шаралар жоспарын жасадық, осы жылы мемлекеттік органдармен интеграцияны толық жүзеге асырамыз», – деді Балабеков.
Сонымен қатар…
Борышкерлерді қадағалау жүйесі Туризм және спорт министрлігімен де байланыс орнатуда. Бұл шара алименттен қашатындардың құмар ойындарға қатысуын шектеп, ойыннан түскен ұтыстарды да өндіруге мүмкіндік береді.
Әділет министрлігінің дерегі бойынша, 2025 жылы елімізде алимент бойынша 354 мың іс қаралған. Оның 59,6 мыңы нақты өндіріліп алынған немесе өтініш берушінің арызы бойынша тоқтатылған. Алайда 12,7 мың іс әлі де проблемалық саналады. Бұл жалпы істердің шамамен 4 пайызын құрайды. Осындай істер бойынша алимент қарызының жалпы көлемі 18 миллиард теңгеге жеткен.
Қарыздардың басты себептері борышкерлердің ресми жұмысының болмауы және кірістерін әдейі жасыруы. Осыған байланысты әкімдіктермен бірге борышкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша шаралар ұйымдастырылған. Мысалы, былтыр өткізілген 645 бос жұмыс орны жәрмеңкесінің нәтижесінде 6,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Бұдан бөлек, алимент төлемей жүрген азаматтар жауапкершілікке тартылуда. Өткен жылы 4 824 адам әкімшілік жауапқа тартылса, тағы 380 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







