Үкімет ауылға апаратын асфальт жолдардан бас тартпақ. Себебі қаражат жетпегендіктен, құрылыс аяқталмай қалып, тұрғындар қыста батпақ, жазда шаңға батып жүр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ендігі жерде ауылға кіретін жол сапалы, әрі нормативтерге сай қиыршық таспен (гравий) төселетін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда негізгі ауылдардан шағын елді мекендерге апаратын жолдың жалпы ұзындығы 35 мың шақырымды құрайды. Жергілікті әкімдіктер осы жолдарды асфальттауға тырысып, көбіне қаржы тапшылығына ұшырайды.
Соның салдарынан жол құрылысы аяқталмай, ауыл халқы сапалы жолды тек түсінде көріп отыр.
«Асфальт жол салу гравий жолдан 6-10 есе қымбатқа түседі. Әкімдіктер асфальт саламыз деп бастайды, бірақ бөлінген қаражат тіпті гравийге де жетпей, жұмыс жарты жолда қалады. Соның салдарынан қыруар қаржы желге ұшып, ауыл тұрғындары жазда шаң жұтып, қыста батпақ кешіп жүр», – деді Сауранбаев.
Министр ауылдағы асфальт жолдардың күтімі де үлкен проблема екенін ашық айтты.
Жергілікті бюджетте жолды күтіп-баптауға ақша жетпеген соң, жолдар тез бұзылып, көлік жүргізушілері көлігін сындырмас үшін жол жиегімен жүруге мәжбүр.
«Ауылдардағы асфальт жолдарға тиісті күтім жасауға әкімдіктерде қаржы жоқ. Сөйтіп, қымбатқа салынған жолдар бірнеше айдан кейін жарамсыз болып, тұрғындардың наразылығын тудыруда», – дейді министр.
Жақында осы мәселені шешуге арналған арнайы құжат дайындалып, мақұлдауды күтіп отыр. Құжат күшіне енген соң, шағын ауылдар сапалы гравий жолмен толық қамтылады.
Айтқандай, Үкімет енді жекеменшік мектептердің мәселесін май шаммен қарамақ. Вице-премьер Аида Балаева осы саладағы біраз былықты ақтарып салған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

