Үкімет шетелге шығарылатын сиыр етін тағы жарты жылға дейін қатаң бақылауда ұстайтын болды. Ауылмин ет экспортына қатысты шектеуді 2026 жылдың маусым дейін созды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрлік бекіткен ережеге сәйкес, алдағы алты ай ішінде сыртқа жіберілетін сиыр етінің жалпы көлемі 20 мың тоннамен шектелмек. Шектеу жаңа сойылған, салқындатылған және мұздатылған еттің барлық түріне қатысты.
Ереже Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен қатар, өзге де шет мемлекеттерге экспорттауға бірдей қолданылады.
Әр экспорттаушының үлесі бордақылау алаңдарының мүмкіндігіне сәйкес жеке анықталады. Электронды портал арқылы автоматты түрде рәсімделетін квота он күнге жарамды. Лицензия шекарадағы ветеринарлық бақылаудан өткеннен кейін ғана іске асады.
Контекст
Мұның алдында министрлік экспорт көлемін бар-жоғы 13 мың тоннамен шектеген еді. Сол кезде Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев бұл шешімге қарсылық танытып, экспортқа қойылған шектеуді тез арада алып тастауды талап еткен болатын. Алайда депутаттың пікірі ескерілмеді.
Экс-министр Асылжан Мамытбеков те осы сарында сөйлеген болатын. Оның пікірінше ет экспортын шектеу осы кәсіппен айналысатын азаматтарға ауыр салмақ.
Соңғы кезде елдегі сиыр еті бағасының күрт көтерілуі жұрттың қалтасын қағып, биліктің басын ауыртып тұр. Бір жыл бұрын келісі 2500-3000 теңгеден сатылған ет биыл тамызда 4500-5000 теңгеге дейін өсті. Мамандар бұған әртүрлі себеп іздеп әлек.

