Қазақстанда коучтердің қызметін реттейтін стандарт енгізіліп, арнайы реестр жасақталады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов сенатордың депутаттық сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Жаңа стандарт күшіне енген соң, Қазақстанда коуч ретінде қызмет еткісі келетіндер Халықаралық коучинг федерациясының (International Coaching Federation, ICF) сертификатын алуға міндеттеледі.
«Қазақстанда тіркелген коммерциялық емес ұйым ICF Kazakhstan бірлесе отырып, «Коучинг қызметі» атты кәсіби стандарт әзірленді. Қазір құжат Ғылым және жоғары білім министрлігінде бекіту кезеңінен өтуде», – деді үкімет басшысы.
Оның айтуынша, стандарт коучингтің тоғыз бағытын қамтиды. Атап айтқанда, бизнес-коучинг, мансаптық коучинг, лайф-коучинг, командалық коучинг, көшбасшылық коучингі, денсаулық пен wellness саласындағы коучинг, кәсіпкерлерге арналған коучинг, білім беру және спорттық дайындық бағыттары бар.
Аталған стандарт негізінде Ұлттық біліктілік жүйесінің career.enbek.kz цифрлық платформасында арнайы реестр іске қосылады. ICF Федерациясы мамандарды оқытып, сертификат беріп, оларды реестрге енгізумен айналысады. Осылайша, елде кәсіби біліктілікті растаудың бірыңғай тетігі қалыптасады.
Сонымен қатар Үкімет заңнамаға коучтердің қызмет сапасына қатысты жауапкершілігін күшейтетін өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға тиісті өзгерістер әзірленіп, Мәжілістегі бірінші оқылымнан өтті. Заң жобасында коучтердің кәсіби сертификаты болуы міндеттеледі. Олар бұл құжатты тұтынушыға көрсетуге тиіс.
Сондай-ақ заң жобасы қызмет туралы шындыққа сәйкес келмейтін немесе жаңылыстыратын ақпаратты және жалған жарнаманы таратуға тыйым салады.
«Коучтер тұтынушы құқығын жаппай бұзған немесе айтарлықтай зиян келтірген жағдайда, мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сараланады», – делінген Премьер-министрдің жауабында.
Бұған дейін «Ақ жол» депутаттары шекарадағы түйткілдерді тез арада шешуді талап етіп, Бектеновке сауал жолдаған болатын.
Бектеновке батыл талап қойған «Ақ жол»: Шекарада жеміс емес, жемқорлық пісіп тұр

