Президент жарлығымен Аида Балаева Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол жаңадан енгізілген лауазымды иеленіп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақорданың баспасөз қызметі тағайындау туралы Жарлықтың 31 тамызда жарияланғанын мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Балаева күні кешеге дейін премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі қызметін қатар атқарып келді.
Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары лауазымы Қазақстанның мембасқару жүйесіне жаңа қызмет ретінде енгізілді. Тоқаев мұндай тағайындау жасалатынын Құрылтайдың алғашқы отырысында хабарлаған еді.
Осының алдында ғана Ertenmedia.kz Балаеваны вице-президент орынтағына үміткерлер санатына қосқан болатын.
«Балаеваның клансыздығы, оның ең басты артықшылығы. Артында қаржылық империясы, лоббистік топтары немесе зауыт-фабрикасы жоқ саясаткердің вице-президент креслосына келуі саяси элитаның барлық қанаты үшін қауіпсіз, бейтарап консенсус», — деп жазған болатын редакциямыздың саясат бөлімі.
Айта кетелік, бұған дейін Мемлекет басшысы Ерлан Қарин мен Олжас Бектеновке қатысты маңызды мәлімдеме жасаған еді. Толығырақ осы тұста.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







