Украина дрондарының КТК құбырына жасаған соққысы салдарынан Қазақстанның жалпы шығыны шамамен 3 миллиард долларды құрады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Энергетика саласының сарапшысы Борис Марцинкевичтің айтуынша, КТК зақымдануы себепті Қазақстан шамамен 3,8 млн тонна мұнайды экспорттай алмаған.
Соның өзінен келген тікелей шығын 1,6 миллиард доллар шамасында бағаланып отыр.
Оған қоса, операциялық шығын мен сақтандыру төлемдері күрт артқан. «Фрахт пен сақтандыру тарифі екі есе өсті. Соның салдарынан елдің жалпы шығыны шамамен 3 миллиард долларға жетті», – деп атап өтті Марцинкевич.
Жағдай танкерлердің зақымдануы кесірінен де күрделенген. Мальта туымен жүзген танкерлердің бірі жарылыстан кейін Түркияға жөндеуге жіберілсе, Chevron компаниясы жалдаған екінші танкер Delta Harmony-де өрт шығып, тиеу жұмысы аяқталмай қалған.
«Осының бәріне қарамастан, Тоқаев билігі барынша салқындалық сақтады, толық бейтарап ұстанымда болды», – деп нақтылады Марцинкевич.
Қазір КТК-ның үшінші айлақ қондырғысын жөндеу жұмыстары аяқталды. Құбыр біртіндеп өз қуатына орала бастады. Ал екінші қондырғыны қалпына келтіруге қажет қосымша жабдықтар әзірленіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, жазға дейін станция толық қуатына шығады.
Сонымен қатар мұнай экспортының азаюымен бірге Орынборға жеткізілетін ілеспе мұнай газының көлемі де кеміген. Бұл өз кезегінде еліміздің энергетика саласына қосымша қиындық тудырып отыр.
Депутат Сарым не дейді?
Айта кетелік, бұған дейін депутат Айдос Сарым АҚШ пен Батыс елдеріне үн қатқан болатын.
«Украина Уашиңтонның қолдауына тікелей тәуелді. Демек, Әмерика мен өзге де серіктестеріміз Киевке өз ықпалын жүргізіп, нысананы дұрыс таңдауды талап еткені маңызды», – деген еді Сарым. Ал Қара теңіздегі қақтығыс қазақ мұнайың күретамырын қысып тұрғанын біз осыған дейін де жазғанбыз.
Киевтің шабуылына ашық наразылық білдірген Қазақстан Сыртқы істері Украинадан мұндай әрекетті дереу доғаруды талап еткен. Украин тарапы Астананы «мәскеушіл» ұстанымы үшін сынап, шабуылдың жанама салдарына дайын болуы керектігін ескерткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

