Танымал продюсер Баян Алагөзова әлемжеліде эмоционалды үндеу жасап, Қазақстандағы діни радикализмнің өршуіне қарсы шара қолдануға шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алагөзова елдегі діни радикалды топтардың күшеюі ұлттың мәдени кодына және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін ашық айтты.
«Бұл тақырып бүгін мені әбден ашындырды. Тағы да әлемжеліде радикал ағымның өкілдерімен бетпе-бет келдім. Осы орайда құзырлы органдарға ҰҚК-ге, прокуратураға жүгінгім келеді. Сіздер елде не болып жатқанынан хабардарсыздар деп сенемін. Ерте ме, кеш пе, бұл тоқтатылуы тиіс. Бұл бүтін бір ұлтқа төнген үлкен қауіп», – деп атап өтті Алагөзова.
Продюсердің пікірінше, радикалды ағымдардың әлеуметтік желідегі белсенді үгіті қазақ халқының төл мәдениеті мен ана тіліне нұқсан келтіруде.
«Күндіз-түні желілерде «сақалдылар», «оранғандар», уахабтар еркін насихат жүргізуде. Олар бізді тілімізден, дәстүрімізден, төл мерекемізден айыруда. Бұлай жалғаса берсе, ертең бәріміз арабша сөйлейтін күн туады. Олардың қатары күн санап артып, агрессиясы күшейіп келеді», – дейді ол.
Осыған байланысты…
Алагөзова билікті нақты әрі батыл қадамдарға баруға үндеп, Ата заң деңгейінде елдің зайырлы сипатын қорғауды және діни пропагандаға қатаң тыйым салуды ұсынды.
«Біз зайырлы мемлекет екенімізді Конституциямен бекітіп, кез келген діни насихат пен радикалдық пропагандаға заңмен тосқауыл қоюымыз керек. Бұл мәселеде енді жайбарақат отыруға болмайды», – деп түйіндеді продюсер.
Продюсердің мәлімдемесі желіде қызу талқыға түсіп, көзі қарақты қауымның көпшілігі Баянға қолдау білдіріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







