Қазақ қоғамында ұлттық киімге деген қызығушылық қайта жанданып келеді. Соңғы жылдары Наурыз сияқты мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де дәстүрлі киім элементтерін қолданатын адамдар көбейіп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қоғам қайраткері Арман Шораевтың айтуынша, ұлттық киімді тек бір күндік сән немесе мерекелік атрибут ретінде қарастыру, оның шынайы мәнін тарылтып жібереді. Оның пікірінше, ұлттық киім тарихи мұра ғана емес, қазіргі заманға бейімделген өмір салтының бір бөлігі болуы тиіс.
Арман Шораев ұлттық киімнің практикалық сипатына да назар аударады. Қазақтың дәстүрлі киімдері ғасырлар бойы табиғатпен үйлесімде қалыптасқан. Қыста суықтан қорғайтын, жазда ыстықта жеңіл әрі ыңғайлы болатындай етіп тігілген. Яғни, бұл тек эстетика емес, функционалдық мәдениет.
– Біз ұлттық киімді көбіне сахнадан, тойдан немесе мерекеден көреміз. Ал шын мәнінде, оны күнделікті өмірге енгізу керек. Сонда ғана ол тірі мәдениетке айналады, – дейді Арман Шораев.
Сарапшылардың пікірінше, ұлттық киімнің қайта сұранысқа ие болуы тек сән индустриясындағы тренд емес, бұл ұлттық идентификацияның күшеюімен байланысты құбылыс. Жаһандану жағдайында әр халық өзінің мәдени кодын сақтауға ұмтылады. Осы тұрғыда киім – ең көрнекті әрі әсерлі құралдардың бірі.
Қазіргі таңда дизайнерлер дәстүрлі элементтерді заманауи стильмен үйлестіріп, жаңа бағыт қалыптастырып отыр. Камзол, шапан, тақия сияқты элементтер күнделікті гардеробқа бейімделіп, жастар арасында да танымал бола бастады. Бұл ұлттық мәдениеттің жаңа форматта жалғасып жатқанын көрсетеді.
Арман Шораевтың ойынша, ұлттық киімді тұрақты қолдану тек мәдени мұраны сақтау емес, оны дамыту деген сөз.
– Егер біз ұлттық киімді тек бір күнмен шектесек, онда оны өзіміз-ақ шетке ысырып тастаймыз. Ал оны күнделікті өмірге енгізсек, мәдениет өздігінен өмір сүре бастайды, – дейді ол.
Ұлттық киім өткен мен бүгінді жалғап тұрған тірі көпір. Оны тек сахнада емес, көшеде, жұмыста, күнделікті өмірде көру қоғамның мәдени деңгейінің көрсеткіші.
Сондықтан ұлттық киімді тек мерекелік символ ретінде емес, өмір салтының бір бөлігіне айналдыру – мәдениетті жаңғыртудың нақты жолы.
Алматыда Наурыз мерекесі қарсаңында ерекше оқиға болды: Almaty Arena-да 11 мыңнан астам жас домбырашы қатысқан ірі флешмоб өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







