Елордада Дін істері жөніндегі басқарманың қолдауымен «Qamqor-Astana» қоғамдық қоры 18 наурыз Ұлттық киім күніне орай «Ашық алаң» акциясын ұйымдастырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл игі шара ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен халықтың рухани мәдениетін нығайтуға бағытталды.
Акция аясында қатысушылар ұлттық дәстүр мен киім үлгілеріне қатысты танымдық викторинаға қатысып, өз білімдерін сынады. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталып, іс-шара ерекше әсерге толы болды.
«Qamqor-Astana» қоғамдық қорының теолог маманы Арман Нұрахметұлының айтуынша, акция барысында ұлттық киім тақырыбы ғана емес, деструктивті діни ағымдардың қаупі туралы мәселе қозғалды.
Айтуынша, мұндай іс-шаралар халықтың діни сауатын арттыруға, дәстүрлі құндылықтарға құрметпен қарауға және түрлі идеологиялық қауіптердің алдын алуға ықпал етеді. Сондай-ақ, ол ұлттық киімнің тек сыртқы бейненің бір бөлігі ғана емес, халқымыздың рухани келбеті мен тарихының айнасы екенін атап өтті.
Ұлттық киімді ұлықтау арқылы халықтың тарихи жады мен мәдени құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған бұл бастама көпшіліктің көңілінен шығып, жылы қабылданды.
Сонымен қатар шара аясында елорда тұрғындарына деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі туралы ескертетін, сенімді дереккөздердің, тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдардың тізімін, дін саласындағы заңнаманы қамтитын 2 мыңнан астам ақпараттық брошюралар таратылып, бейнероликтер көрсетілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!








