Қазақ авторлық киносы тағы бір жаңа туындымен толықты. Әйел тағдырына арналған «Ақжелең» көркем фильмінің түсірілім жұмыстары жүріп жатыр,- деп хабарлайды Ertenmedia
Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен, «AR production» продюсерлік орталығының қатысуымен түсірілуде.

Фильмнің режиссері – Бекзат Смадияр бұл туындысында терең әлеуметтік-психологиялық астарға құрылған, ұлттық болмысты басты арқау еткен кино жасауға талпынған.
«Ақжелең» жобасының мақсаты – авторлық интеллектуалдық бағыттағы, әлеуметтік-психологиялық астары бар ұлттық фильм жасау. Біз кейіпкерлердің болмысын ашуда ұлттық менталдық құндылықтар тұрғысынан іздендік. Сондай-ақ, сюжеттік желіні құрастыруда барлық әлем халықтарына түсінікті ортақ мәселелерді қамтуға тырыстық. Себебі, әйел тақырыбы – адамзатқа ортақ тақырып. «Ақжелең» – домбыра күйлерінде қалыптасқан мектеп. Әйел тағдырын, мұң-шерін, қуаныш-қайғысын арқау еткен күйлер осылай аталды. Біз де қазіргі қазақ әйелдерінің «ақжелеңін» шерткіміз келді», – дейді режиссер Бекзат Смадияр.

Фильмнің бас кейіпкері – Жамалдың рөлін актриса Ақкенже Әлімжан, ал Рүстемнің рөлін Әлихан Лепесбаев сомдайды. Оператор – Еркінбек Пітірәлиев, қоюшы суретші – Сәбит Құрманбек.

«Ақжелең» – әйел болмысы мен тағдыры арқылы қоғамдағы терең әлеуметтік қабаттарды қозғайтын фильм. Ұлттық дүниетанымды жаңаша қырынан ашуға тырысқан бұл картина – қазіргі қазақ әйелінің ішкі әлемін, оның күресін, үміті мен мұңын суреттейтін эмоционалды әрі эстетикалық дүние.