Президент Тоқаев ұлттық компаниялардағы кейбір қызметкерлердің жұмысын қатаң сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы экономикаға сапалы инвестиция тарту және жоғары технологиялы өндірістер құру мәселесіне ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, мұндай жауапты міндет бірінші кезекте жеке бизнеске жүктелген. Себебі сапалы инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу және азаматтардың табысын арттыру жеке сектордың белсенділігіне тікелей байланысты.
Осы тұста Тоқаев «Бәйтерек» холдингінің инвестициялық компанияға айналуы белгілі бір себептермен жүзеге асқанын атап өтті. Дегенмен, холдингтің нарықтағы ықпалы артса да, жеке бастамаларды тежеп, кәсіпкерлердің жолын бөгеуге жол берілмеуі керек.
Дәл осы ескерту «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына да қатысты айтылды.
Тоқаев не дейді?
«Мен ұлттық компаниялар мен «Самұрық-Қазына» қорының басшыларымен ашық әңгіме өткіздім. Бұл компаниялардың құрылымын сыни тұрғыдан қайта қарап, басқарушылық лауазымдарда отырған артық қызметкерлерден арылу қажет.
Әсіресе, сол жағалаудағы кеңселерде жұмыс істейтін, бірақ нақты міндеті жоқ адамдар көп. Түскі уақытта қонақүйлер мен мейрамханаларда шай мен кофе ішіп, терлеп-тепшіп, пікір таластырып отыратын осы бір топты бәріңіз де көріп жүрсіздер.
Қолы бос болғандықтан, интернетте бос әңгімелерге араласып, күмәнді пікірталастарға да қатысады. Олар дауыс беруге қалай араласады, қандай шешім қабылдайды ол бөлек мәселе. Бірақ маған бәрі белгілі, түсінікті. Ашық айтайын, мұның соңы жақсылыққа әкелмейді», – деді Тоқаев.
Бұдан бөлек…
Сонымен қатар президент инфляция деңгейі тұрақталып, төмендей бастаған сәттен бастап, нарықтық механизмдерді күшейтуге басымдық берілуі тиіс екеніне тоқталды. Даму институттары бизнес және қаржы секторымен бәсекеге түспей, өзара тиімді әріптестік орнатуға міндетті.
Айта кетелік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаевқа есеп берген Бектенов қыруар қаржыны үнемдеп қалғанын мәлімдеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

