Жетісу облысына қарасты Кербұлақ ауданында жергілікті мәслихат депутаты Ерлан Жұмаділов сирек кездесетін құстарды заңсыз аулағаны үшін ұсталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Orda.kz дереккөзінің хабарлауынша, 49 жастағы депутаттың Басши ауылындағы жазғы асханасынан полицейлер Қызыл кітапқа енген екі тірі ителгі мен оларды аулауға арналған қолдан жасалған тор тәркілеген.
Қара нарықта мұндай құстардың бағасы тым жоғары. Әдетте оларды заңсыз аң аулау мен шетелге контрабандалық жолмен тасымалдау үшін сатып алады.
Оқиғаның қызық тұсы заңды бұзып, ителгі аулаған депутаттың өзі мемлекеттік ұлттық табиғи паркте қызмет етеді.
Қазір дәл осы сирек құстардың жылы аймақтарға қоныс аударатын маусымы. Бұл кезде оларды браконьерлерден қорғау шаралары да күшейтіледі. Соған қарамастан, мәслихат депутаты екі серігімен бірге Тақыр аумағында ителгілерді торуылдап жүріп қолға түсірген.
Депутатты облыстық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері құрықтаған. Оларға ителгілердің заңсыз сатылатыны туралы жедел ақпарат түскен.
Қазір депутатқа қарсы ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігі («Сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі төнген жануарлармен заңсыз айналысу») бойынша тергеу басталды.
Табиғатты қорғауға тиіс ұлттық парк қызметкері әрі халық қалаулысының өзі осындай іске барғаны қоғамда ирония тудырып отыр.