Қазіргі дамыған заманда қоғамның қауіпсіздігі тек шекарадағы күзетпен өлшенбейді. Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін ақпарат алдымен интернеттен бастау алатынын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Цифрлық кеңістікте жүрген әрбір контент кейде ел ішіндегі бірлікке, ұрпақ тәрбиесіне, мемлекеттің конституциялық құрылымына қарсы әсер етуі мүмкін. Сондықтан ҚР Ішкі істер министрлігі жыл сайын жүздеген сайтты бұғаттап, қоғамға қауіпті ақпараттардың таралмауы үшін үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді.
Кей азаматтардың қауіпті контентті әдейі тарататыны да жасырын емес. Ал енді біреулері мұндай ақпараттың зиянын білмей, бөлісіп артынша «жаздым, жаңылдым» деп етегі жасқа толып, қателегін кеш түсініп жатады. Бірақ заң алдында «білмедім» деген сөз жауапкершіліктен қорғай алмайды. Себебі ұлттық қауіпсіздік бәрінен де жоғары тұруы керек.
Цифрлық кеңістікте таралған ақпарат елдің ішкі тұрақтылығына, ұлтаралық татулығына немесе жастардың санасына кері әсер етсе, оған әсте көз жұмып қарауға болмайды.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары алдын алу жұмысын күшейтіп, ақпараттық қауіпке қарсы жүйелі тәсіл қалыптастыруға тырысып жатыр. Министрдің айтуына қарағанда, қауіпті контент анықталса, оны мамандар бірден талдап, қаншалықты қауіп төндіретінін анықтайды. Бүгінде құқық қорғау органдары сот пен арнайы сараптаманың қорытындысынсыз ешқандай шешім қабылданбайды.
Егер ұлттық бірлікке, қоғамдық татулыққа зиян келтіретін мазмұн тіркелсе, тиісті шаралар дереу қолға алынады.
– Қазіргі таңда ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретін контенттер тарап жатса, құқық қорғау органдары оны дереу анықтап, контенттің таралуына тосқауыл қойып келеді. Осы ретте контенттің ұлттық қауіпсіздігімізге қаншалықты нұқсан келтіретінін арнайы сарапшылар анықтап, олардың ортақ шешімінен кейін олардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Айталық, ұлт аралық араздықты туғызатын және жалған ақпарат таратқан контенттерге қатысты осылай әрекет етеміз. Ал есірткі заттарын насихаттаған контенттерді бірден іске кірісіп, оларды жоямыз, – дейді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Интернеттегі еркіндік қоғамның дамуына қажет, бірақ жауапкершілігі жоқ еркіндік елдің сенімі мен қорғанын бұзатынын да ұмытпауымыз керек. Сондықтан Ішкі істер министрлігі заңнамалық негізді күшейтіп, ақпараттық қауіптің алдын алуға бағытталған бес саланы біріктіретін заң жобасын дайындап жатыр. Бұл тек жазалау емес, профилактика. Яғни халықтың құқықтық сауатын арттыру, зиянды ақпараттың салдарын түсіндіру, азаматтардың саналы әрекетіне жол ашу.
Цифрлық ортада ұлттық қауіпсіздікті сақтау өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сондықтан әрбір азаматтың заңды біліп, жалған ақпаратқа алданып қалмау мен қауіпті контентті таратпау әркімнің міндеті.
Кейде жай ғана «репост» халықтың татулығына сызат түсірсе, бір «сөйлем» баланың санасына улауы ықтимал. Сондықтан ақпаратты тарату құқығы бар адамда абай болуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттің мақсаты қоғамды тұншықтыру емес, оны қорғау екенін де түсінуіміз керек.
Бүгінгі заман шынайы ақпарат пен жасанды ақпараттың шайқасы. Бұл шайқаста ең мықты қару білім және жауапкершілік боламақ.

