Министр Мәди Тәкиев алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын таныстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
2026 жылы бюджетке 23,1 трлн теңге түсім түссе, бұл көрсеткіш 2028 жылға қарай 27,6 трлн-ға жетпек.
«Келер жылдың бюджеті тұңғыш рет Ұлттық қордан мақсатты трансферттер тартылмай-ақ теңгерілді», – деді Қаржы министрі.
Дегенмен Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт жыл сайынғы 2,8 трлн теңге көлемінде сақталып отыр. Әлеуметтік шығыстар жалпы бюджеттің 38,7 пайызын (10 трлн 725 млрд) құрайды.
Мұның ішінде әлеуметтік төлемдер инфляцияның орташа деңгейіне сәйкес 10 пайызға индексацияланып, зейнетақы мен жәрдемақы алатын азаматтар саны 288 мың адамға артады деп күтілуде.
Сондай-ақ, МӘМС жарнасын есептеу кезінде медиандық жалақы көрсеткіші қолданылмақ. Бұдан бөлек, стипендия көлемін өсіру және білім алушылар санын 19 392 адамға көбейту қарастырылған.
Экономиканы ынталандыруға бөлінетін шығындар айтарлықтай артып, жалпы бюджеттің 16,1 пайызына жетеді (4 трлн 470 млрд теңге).
«Ел экономикасына серпін беретін аймақтық маңызы бар ірі жобаларға «Бәйтерек» арқылы 1 трлн теңге бағытталмақ», – деді Тәкиев.
Ауыл шаруашылығы кешеніне 732 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат субсидиялаумен қатар, өнімді сақтау мен өңдеу инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.
Ал көлік инфрақұрылымына келер жылы жалпы сомасы 855 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарды салуға мемлекеттік кепілдік механизмі арқылы 580 млрд теңге қарастырылған.
Күштік құрылымдардың шығыны 2026 жылы 3 трлн теңгеден асады. Биылғы жылмен салыстырғанда бұл бағыттағы қаржы 335 млрд теңгеге көбейген.
Үкімет заң жобасын мақұлдап, премьер-министр құжатты қыркүйекке дейін Парламент қарауына ұсынуды тапсырды.