Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Ұлттық құрылтай мүшелері ел аумағында өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына қатысты.
Былтыр Мемлекет басшысы бастама көтерген осынау науқан бүгінде жалпыұлттық деңгейге шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Акция аясында Ерлан Қарин бастаған Ұлттық құрылтай мүшелері Астана мен Алматы қаласында ағаш отырғызды.
Ұлттық құрылтай мүшелері «Таза Қазақстан» бастамасының қоғамды біріктіріп, азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Осы ретте құрылтай өкілдері ел тұрғындарын экологиялық акцияларды белсенді түрде қолға алуға және қолдау көрсетуге шақырды.

Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин шараға атсалысқан құрылтай мүшелеріне алғысын білдіріп, «Таза Қазақстан» жобасы елдің идеологиялық тұғырнамасының ажырамас бөлігі екенін жеткізді.
«Бұл бастама азаматтардың жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана мен елге деген жанашырлық сезімді қалыптастырады», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамның мінез-құлық үлгісін жаңартып, қоғамдық мәдениет пен этиканың жаңа моделін қалыптастыруға негіз болмақ.