Түркістан облысы, Төлеби ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай салтанатты жиын өтті,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Мерекелік іс-шара аудан орталығында орналасқан «Жеңіс» саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Өңір басшысы Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес төрағалары, аудандағы зиялы қауым өкілдері қатысып, бабалар рухына тағзым етілді. Бір минут үнсіздік жарияланып, құран бағышталды.
Сондай-ақ, аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы тыл еңбеккерлеріне мерекелік медаль табыстап, жеңіс мерекесімен құттықтады.
«Бүгінде ортамызда қалмаған Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен қатары сиреп бара жатқан тыл ардагерлерінің ерлігі мен қайсарлығы ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Олар бізге бейбіт өмір мен жарқын болашақ сыйлады. Сол сұрапыл соғыстағы әрбір жанкештілік — бүгінгі ұрпақ үшін тағылым мен тәлім. Ардагерлеріміздің ерлігі мен еңбегі — мәңгілік өнеге, өшпес үлгі. Жыл сайын осынау Жеңіс күнін атап өте отырып, біз сол сұрапыл соғыста қаза тауып, халқы үшін құрбан болған жауынгерлердің есімдерін ардақтап, ардагерлерімізді ұлықтаймыз, құрметпен еске аламыз. Бұл біздің перзенттік парызымыз»- деді құттықтау сөзінде аудан әкімі.
Мерекелік іс-шарада патриоттық әндер шырқалып, жиналғандарға рух пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.