Ұлытау облысында марганец рудасын заңсыз өндірген азаматқа сот үкімі шықты. Ол бірнеше жыл бойы лицензиясыз әрі келісімшартсыз жер қойнауын пайдаланған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлытау облысы прокуратурасының мәліметінше, тергеу Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп жүргізілген. 2020-2023 жылдар аралығында 50 жастағы Қостанай облысының тұрғыны ешқандай лицензиясыз «Шығыс Қаражал» кен орнынан марганец рудасын өндірген.
Іс материалдарына сәйкес, заңсыз өндірілген руда сатылып, одан түскен табыс қолма-қол ақшаға аударылып, жалған мәмілелер арқылы заңдастырылған.
Заңсыз әрекеттер барысында 16 мың тоннадан астам марганец рудасы өндірілген. Тергеу дерегінше, мемлекетке келтірілген тікелей залал сомасы 1,3 миллиард теңгеден асады.
Сонымен қатар, өндірілген және қайта өңделген темір-марганец рудасын Қазақстанда және шетел нарықтарында сату нәтижесінде айыпталушы 3,5 миллиард теңгеден астам табыс тапқан.
Ұлытау облыстық сотының үкімімен сотталушы 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 5 жыл мерзімге жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Одан мемлекет пайдасына 4,8 миллиард теңге өндірілді. Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған 3 жеңіл және 2 ауыр жүк көлігі тәркіленді.
Тілшілеріміз Түркияның Оңтүстік Кавказды толық бақылауға алып, Каспий теңізіндегі маңызды энергетикалық ресурстарға ие болғанын талдап жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

