Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Салдарынан жеті жұмысшы мерт болды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Ресми мәліметті Төтенше жағдайлар министрлігі жариялады.
«Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиесілі кеніштен жеті қызметкердің денесі табылды. Олардың жеке басы анықталып жатыр. Қайтыс болған жеті жұмысшының денелері жоғарыға көтеріліп, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды», — деп жазылған хабарламада.
Мән-жай
Айта кетейік, 2025 жылғы 17 ақпанда Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде шахтада тау-кен массасы опырылып, жеті жұмысшы үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты олармен байланыс жоғалды.
Апатқа байланысты құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД бөлімшелері, Апаттар медицинасы орталығының мамандары, ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен төтенше жағдайдың себептерін анықтап, зардап шеккендерге көмектесу мақсатында арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.