Қазақстанның бірнеше аймағында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп ірі арнайы операция өткізді. 20 адам қамауға алынды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақпанның 4-і күні Бас прокуратураның үйлестіруімен ұйымдастырылған операция Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарын қамтыған.
Арнайы шара барысында қылмыстық топтардың қару-жарақ саудасы, заңсыз көлік саудасы, есірткі айналымы және бопсалау сияқты аса ауыр қылмыстармен байланысы әшкереленді.
Күштік құрылымдардың жедел қимылы нәтижесінде 20 күдікті қолға түсті. Оның оны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту шаралары кезінде қылмыскерлерден атыс қарулары, оқ-дәрілер, ірі көлемдегі есірткі заттары, қомақты қаржы және өзге де айғақ заттар тәркіленді.
Қазір тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін де полиция мен ҰҚК елорда мен Алматыда ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін қолға түсірген болатын. Ел аумағында тәртіпсіздік орнатпақ болған топтарға қарсы күрес күшейтілген режимде жалғасып жатыр.
Күні кеше Шымкентте жиын өткізген Ішкі істер басшысы қаладағы қылмыстық топтарға қатысты маңызды мәлімдеме жасаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

