Бішкекте өтетін саммит қарсаңында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жаңа бас хатшысы белгілі болды.
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қызметті қырғыз дипломаты Таалатбек Масадықов атқарады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың мәліметінше, Масадықов қазір бас хатшының орынбасары қызметінде. Сондықтан жаңа міндетке ауысуы қиындықсыз жүзеге асады.
Ал қазіргі басшы Иманғали Тасмағамбетов 27 қарашада Бішкектегі саммитте өңірдегі қауіпсіздік жағдайы туралы баяндама жасап, жиын соңында ҰҚШҰ-ның бірінші дәрежелі құрмет белгісімен марапатталады.
«Тасмағамбетов 1 қаңтардан бастап бас хатшы қызметінен кетеді. Ұйымға мүше елдер басшылықтың ауысуы бойынша ортақ келісімге келді», – деді Ушаков.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер, қорғаныс министрлері мен қауіпсіздік кеңесінің хатшылары Тасмағамбетовтің ізбасарын таңдау бойынша кеңес өткізген болатын.
Осының алдында ғана Иманғали Тасмағамбетов украиналық «Миротворец» сайтының тізіміне енген еді. Сайт авторлары оны Ресейдің Украинадағы іс-қимылдарын қолдады, ұйымның басшысы ретінде ҰҚШҰ әскерін Ресей армиясына көмекке жіберуге әзір болды деп айыптаған. Тасмағамбетов Қазақстанда премьер-министр, Алматы мен Астана әкімі, Қорғаныс министрі және Ресейдегі елші қызметін атқарған.
«Ол ма, ол Батыстың Киевке қару жеткізуіне қарсы шығып, ресейлік агрессияны толық қолдап келеді. Бұған қоса, Выборг кеме жасау зауытының акционері және КамАЗ-дың директорлар кеңесінің мүшесі», – делінген «Миротворец» жариялаған материалда.
Қазақтілді ортада Тасмағамбетовті «ресейшіл саясаткер» деп айыптайтын қауымның шоғыры ұлғайып келеді. Бұған қатысты Имекең: «Әр мәселенің әділдігін адам көрмесе де, Алла көріп тұр», — деп жауап қатқан еді.
Тасмағамбетов сөй дей келе, әлгіндей пікірдегі аудиторияға өзінің өкпе-ренішін жасырмай жеткізген.
«Кейбір бақытсыз жандар мені «ресейшіл», «орысшыл» деп қаралап жүр. Келіссөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған заманда, ОДКБ-ға туған елімнің атынан барып, мемлекеттің мүддесі үшін от пен суға түскенім үшін сатқын болғаным ба?.. Қадірімді білмегендердің арасында еңсемді түсіргім келмейді», — деген-тұғын саясаткер.
Айтуынша, Украина мен Ресейдің арасындағы қантөгісте жеңімпаз болмайды. Бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық. Ал өз ұлтына соғыс тілеу нағыз қаніпезерлік.
Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы қызметін 2023 жылдың қаңтарынан бері атқарып келеді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

