Қазақстанның бірқатар ірі банктерінің аты соңғы күндері елді дүрліктірген істе аталып жатыр деп жазады Ertenmedia.
Ақмола облысының прокуратурасы әлеуметтік осал топ өкілдерін ұрлап, аттарына миллиондаған несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) ізін әшкерелеген еді.
Бұл топқа Kaspi, Forte, Eurasian және Jusan банктерінің қызметкерлері көмектескен делінген.
Прокуратураның дерегінше, бес жылдан астам уақыт бойы алаяқтықпен айналысқан топтың құрамына Қазақстанның әр түкпірінен 25 адам кірген. ҰҚТ мүшелері банктердегі байланыстары арқылы ұрланған азаматтарға жалған несие рәсімдеп отырған.
Жалпы зардап шеккендердің саны 348 адам. Келтірілген зиян көлемі 3,7 миллиард теңге.
Құқық қорғаушылар қылмыстық топ мүшелерінің Алматыдағы элиталы пәтерлері мен жер телімдерін, аса қымбат көліктері мен қолма-қол ірі көлемдегі ақшаларын тәркілеген. Мүліктің жалпы құны 2,7 миллиард теңгеге бағаланған.
Қызығы, прокуратураның алғашқы мәлімдемесінде ҰҚТ құрамында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің орталық аппараты қызметкерінің де аты аталған еді. Алайда агенттік бұл ақпаратты «қате» деп дереу жоққа шығарған.
Мәлімдемеден кейін аттары аталған банктердің басшылығы бірден ортақ жауап қатты.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сайтында жарияланған ресми мәлімдемеде Kaspi, Forte, Eurasian және Alatau City банктері прокуратурадан шұғыл түрде түсініктеме талап етіп отыр.
Банктер өз қызметкерлерінің осы іске қатысы бары туралы ешқандай ресми хабарлама алмағанын, сондай-ақ қазіргі уақытта ешбір қызметкері тергеуде жоқ екенін алға тартады.
«Қазіргі таңда біздің банктер қылмыстық іске қызметкерлеріміздің қатысы бары туралы ешқандай нақты ақпаратқа ие емес. Біз прокуратурадан тез арада ресми ақпарат беруін сұраймыз. Тергеу құжаттарын ұсынған жағдайда, толық қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп жазылған мәлімдемеде.
Сондай-ақ банктер құқық қорғау органдарынан ақпаратты жария етуде аса сақ болуын өтінген. Себебі асығыс жасалған мәлімдемелер қаржы ұйымдарының абыройына нұқсан келтіреді дейді банктер.
Ал прокуратура әзірге бұл талапқа ресми жауап берген жоқ.