АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) қызметкерлері жаппай қысқаратыны туралы ресми мәлімдеме жарияланды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
АҚШ үкіметінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, маңызды міндеттерді атқаратын, негізгі басшылық құрамындағы немесе арнайы бағдарламаларға жауапты қызметкерлерден басқа барлық USAID қызметкері әкімшілік демалысқа жіберіледі.
Сонымен қатар, агенттік штаттық қысқарту (Reduction-in-Force) процесін бастайды, бұл АҚШ-та қызмет ететін шамамен 1600 қызметкерге әсер етпек.
Қысқартуға ұшырайтын қызметкерлер жеке-жеке өз құқықтары мен жеңілдіктері туралы хабарлама алады. Ал қызметін жалғастыруы қажет мамандар басшылықтан арнайы ресми нұсқаулық күтеді.
Сондай-ақ, USAID АҚШ аумағынан тыс жердегі қызметкерлер үшін агенттік есебінен Отанына ерікті түрде оралу бағдарламасын және басқа да өтемақыларды ұсынуды жоспарлап отыр.
Агенттік шетелдік қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттеледі. Отанға оралғанға дейін олар агенттіктің жүйелеріне, дипломатиялық және басқа да ресурстарға қол жеткізе алады.
Айта кетейік, 5 ақпанда USAID қызметкерлеріне жаһандық әкімшілік демалыс жарияланған болатын.