Қазақстан биыл әуе тасымалын кеңейтіп, тоғыз жаңа ұшақ сатып алады. Ел ішінде де, халықаралық бағыттарда да рейстер көбейеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның айтуынша, отандық авиакомпаниялар жыл соңына дейін ұшақ санын шамамен 118-ге жеткізбек. Бұған қоса, мемлекет әлеуметтік маңызы бар 23 әуе бағытын субсидиялауды жалғастырады.
Бұл ұшақ билеттерінің бағасын қолжетімді етіп, ішкі туризмді дамытуға септігін тигізеді.
«2026 жылы Астана мен Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады. Алматыда ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылып, Ақтау әуежайында ұшақ алаңына күрделі жөндеу жүргізіледі», – деді комитет төрағасы.
Халықаралық әуе қатынасына да көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, Орталық Азия мен ТМД елдеріне жаңа рейстер ашылып, ұшу жиілігі артады. Сонымен бірге, Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың бірқатар қаласымен әуе қатынасы дамиды. Олардың қатарында Вена, Токио, Рим, Әбу-Даби, Эр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Сиань, Шанхай, Үрімжі, Қашқар және Варшава бар.
Бұған дейін қысқы мереке күндері Қазақстанда сұранысы жоғары ішкі бағыттарға қосымша 100-ге жуық әуе рейсі жоспарланған болатын. Авиакомпанияларға рейстер кешіккен жағдайда қосымша ұшақ пен жердегі техниканы дайындау міндеті қойылған еді.
Соның алдында президен Тоқаев елдегі жүк авиациясының қазіргі ахуалына көңілі толмайтынын жеткізіп, салаға жауапты министрді сілкіп-сілкіп алған еді.

