Қазақстанда әуе жолаушыларына музыкалық аспаптарды ұшақ салонында тасымалдауға ресми түрде рұқсат етілуі мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазір Азаматтық авиация комитеті жолаушылар мен тасымалданатын жүктің тәртібіне тиісті өзгерістер әзірлеп жатыр. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.
«Комитетке музыкалық аспаптарды, оның ішінде ұлттық домбыраны әуе кемесінің ішінде алып жүруге қатысты нақты ережелерді заң жүзінде бекіту міндеті қойылды. Жақын уақытта жолаушылар мен әуе компанияларына аспаптарды тасымалдаудың нақты әрі түсінікті тәртібін енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді Ластаев.
Вице-министр жаңа ережелер барлық әуе компанияларына ортақ болатынын айтты.
«Бұл мәселені реттеуге байланысты қоғам тарапынан ұсыныстар көп түсті. Жолаушылардың шағымдары мен өтініштері де бар. Осыған орай Азаматтық авиация комитеті қазір ережелерді нақтылауға қызу кірісті», – деп атап өтті ол.
Аталған өзгерістерде қандай музыкалық аспаптарды ұшақтың салонында тасымалдауға рұқсат берілетіні талқылануда. Соңғы шешім аспаптың көлемі мен авиакомпанияға алдын ала хабарлау тәртібіне байланысты қабылданады.
Вице-министрдің айтуынша, нақты ереже бір ай ішінде дайын болады. Егер шешім мақұлданса, мамыр айынан бастап жаңа тәртіп күшіне енуі мүмкін.
Айтқандай FlyArystan жолаушылары үшін қуанышты жаңалық. Наурыздан бастап әуе кемесіне алып кіруге рұқсат етілген қол жүгі 5-тен 7 келіге дейін артты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







