Үй интерьеріне көрік беріп, бөлмені тропикалық тынысқа бөлейтін сәндік өсімдіктердің бірі – «Мәрмәр ханшайымы» атанған эпипремнум (Epipremnum aureum). Жапырағының қайталанбас ақшыл-жасыл өрнегімен көз тартатын аталған лиана көп күтімді қажет етпегенімен, оны жайқалтып өсірудің өзіндік сырлары бар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Табиғи ортасы мен биологиялық ерекшелігі
Ароидтар тұқымдасына жататын бұл өсімдіктің табиғи отаны – Индонезияның ылғалды тропикалық ормандары. Табиғат аясында жартылай эпифит ретінде тіршілік ететін лиана жер бетіне төселіп те, үлкен ағаштардың діңіне жабысып та тез өсіп-өнеді.
Үй жағдайында эпипремнумның гүл ашуы өте сирек кездеседі. Дегенмен оның әсем де көлемді жапырақтары мұндай кемшіліктің орнын толық басады әрі бөлмеге ерекше жайлылық сыйлайды.
Жарық пен температураға қойылатын талаптар
«Мәрмәр ханшайымы» жарықты ерекше жақсы көреді, тіпті сабақтары үнемі жарық түскен бағытқа қарай созылып отырады. Алайда күн сәулесінің тікелей түсуіне жол беруге болмайды. Өткір күн сәулесі жапырақты күйдіріп, түсін солдырып, түсіп қалуына әкеп соғады. Сондықтан оған жұмсақ, шашыранды жарық қажет. Ал керісінше, жарық жеткіліксіз болғанда жапырақтың тығыздығы мен серпімділігі жоғалып, лиананың өсуі кенеттен баяулайды.
Өсімдікке жайлы ауа температурасы – 20° C шамасы. Гүл тұрған жерде суық жел өтінің (сквозняк) болмағаны жөн. Сол себепті өсімдікті ашық балконға немесе аулаға шығарудың қажеті жоқ, жай ғана бөлмені тұрақты түрде желдетіп тұру жеткілікті. Күз бен қыс айларында ауа температурасының +13-16° C деңгейінен төмендемеуін қадағалау маңызды.
Суғару және ылғалдандыру тәртібі
Лиананы суғару және жапырақтарын ылғалдандыру үшін бөлме температурасында тұнған жұмсақ суды пайдаланған дұрыс. Өсімдік тамыры топырақтың шамадан тыс былжырап жатқанын қаламайды.
Көктем мен жаз айларында, яғни өсімдік қарқынды дамитын кезеңде оны әр 4-5 күн сайын суғарып тұру оң нәтиже береді. Ал күн салқындап, тыныштық кезеңі басталатын күз бен қыста ылғал беру көлемі азайып, аптасына бір рет қана су құйылады. Жапырақтардың шаңын сүртіп, мезгіл-мезгіл су бүркіп тұру мәрмәр өрнектерінің анық әрі қанық сақталуына көмектеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







