Бұрынғы джихадшы, Хайят Тахрир әш-Шам қозғалысының бұрынғы жетекшісі, бүгінде Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа Ақ үй табалдырығын аттады. Бір күн бұрын ғана АҚШ Мемлекеттік департаменті оның есімін террористер тізімінен алып тастаған болатын. Бұдан басқа БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де санкцияны жұмсартты. Бұған дейін ешбір сириялық басшыға мұндай есік ашылмаған-ды. Сол есікті Ахмед аш-Шараа ашты. Ресми Вашингтон Сирияны қайтадан өңірлік ойынға кіргізуді көздеп отыр. Сирияның жаңа басшысы соны дер кезінде түсініп, айтқанға көніп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аш-Шараа 2010 жылдардың соңында әлемдік ақпараттың басты нысанасына айналып, Әбу Мұхаммед әл-Джулани деген есіммен танылған болатын. Сол кезде Батыс пен БҰҰ оны Сириядағы әл-Каида желісінің өкілі деп сипаттағаны есімізде. Енді міне сол адам АҚШ президентімен қол алысып, келіссөз жүргізуде.
Өз кезегінде Reuters пен Al Jazeera сарапшылары бұл қадамды сириялық соғыстан кейінгі жаңа архитектураны бекіту талпынысы деп бағалады. Себебі Сирия Асадтан кейінгі кезеңге аяқ басты, ал сол кезеңде аумақтың едәуір бөлігін дәл осы ХТШ базасында қалыптасқан топтар бақылап қалған-ды. Оларды толықтай оқшаулап тастау мүмкін емес. Сондықтан Батыс олардың ішінен прагматик адамды таңдады. Өз кезегінде Аш-Шараа да өзін тура сондай фигура ретінде көрсетіп, іздегенге сұраған болды.
Бүгінде Сирия аумағында АҚШ-тың шамамен 2 мыңға жуық әскері тұр. Олар негізінен «Ислам мемлекеті» қалдықтарына қарсы операциялар жүргізуде. Қарсы тараптың ұяшықтары әлі толық тарқамаған.
Вашингтон үшін шет жердегі контингентке шығын шығара беру ыңғайсыз.. Сол себепті Трамп әкімшілігі Сирияны Аш-Шарааға қайтарып, оны «ИМ-ге қарсы коалицияға» енгізіп жібермекші. Бұдан кейін Трамп «мен террормен күресіп жатқан елге санкция сала алмаймын» деп ашық айта алады. Аш-Шараа да Сирияға салынған санкцияны дәл осы аргументті алға тартып, алып тастағысы келіп отыр.
Сирия басшысының АҚШ-қа келген сапарының екінші себебі бар. Еуропа, әсіресе Германия, Сириямен арадағы қатынасты мигранттар мәселесі арқылы реттегісі келеді. Неміс басылымдары Берлин аш-Шараамен кездескенде ең алдымен Германияда қылмыс жасаған сириялық босқындарды қайтару тетігін талқыламақ деп жазды.Германия
Сонымен бірге Мәскеудің Сириядағы базаларының болашағы да күн тәртібінде тұрағаны айтылды. Өйткені Дамаск Ресеймен де, АҚШ-пен де дос болғанды қалап отыр. Қазан айында аш-Шараа Мәскеуде Путинмен кездескені белгілі. Қысқа мерзімде екі полюске барып, екеуімен де келіссөз жүргізу Сирияның жаңа басшылығының қандай бағыт ұстанғанын көрсетті. Олар енді бұрынғыдай оқшауланған, санкцияға көміліп жатқан ел болғанды қаламайды.
Сабақты ине сәтімен болса Сирияға ақша да, гуманитарлық көмек ағылатыны анық. Бұдан басқа саяси талап та жоқ емес. АҚШ Сирияны ИМ-ге қарсы ортақ платформаға қосқысы келесе, Еуропа елдері мигранттар мәселесін шешкісі келеді. Ал Ресей Сирияда әскери базасын сақтап қалғысы қалу үшін барын салатыны анық.
Аш-Шараа қазір жеңімпаз кейіпінде жүр, бірақ оның өткендегі радикал биографиясы, ХТШ-мен байланысы, ел ішіндегі қарсы топтардың көңіл күйі әлі толық тазарған жоқ. Оның үстіне Израиль үшін де бұл жағдай қауіпті көрінеді. Себебі Таяу Шығыстағы көп сарапшы бұрынғы джихадшының АҚШ қолдауына ие болуын күдікпен қабылдауда. Олардың ойынша, бұл қадам өңірдегі басқа радикалды топтарға «егер билікке жетсең, өткенің кешіріледі» деген сигнал беруі мүмкін.
Әлемдік тәжірибеде мұндай мысал болған. Солтүстіқ Ирландиядағы IRA-мен келіссөздер, Ауғанстандағы «Талибан» өкілдерімен бейресми байланыстар, Африкадағы кей қозғалыстардың заңдастырылуы – бәрі де саяси қажеттіліктен туған. Сирия да сол соқпаққа түскендей…

