«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) бен Венгрияның MOL Group компаниясы арасындағы стратегиялық серіктестіктің аясында, Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы Хорватиядағы Омишаль портына жеткізілді деп хабарлайды Ertenmedia.
Мұнайдың көлемі 85 мың тонна.
«ҚазМұнайГазға» қарасты «Қазтеңізкөлікфлоты» ұлттық компаниясының «Алатау» танкері мұнайды Новороссийск портынан жөнелтіп, Адриатика теңізі арқылы Хорватияға жеткізген. Одан әрі JANAF компаниясы Адриатика құбырымен мұнайды Венгрияға жөнелтеді.
Танкер Омишаль портына келген соң, ҚМГ, MOL және JANAF өкілдері кездесіп, алдағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жолдарын талқылады. Кездесу нәтижесінде ҚМГ мен MOL Group арасында мұнай жеткізу бойынша негізгі келісімге қол қойылды.
«Бұл келісім бүкіл Орталық және Шығыс Еуропа өңірі үшін маңызды оқиға. Біздің ұстанымымызды айқын көрсетеді: біз сенімді әрі әділетті серіктестікке сенеміз және үнемі жаңа шешімдер іздейміз», – деді MOL Group компаниясының басқарушы директоры Габриэль Сабо.
Келісім екі тарап үшін де тиімді. Қазақстан өз мұнайын Еуропа нарығына шығаруға жол ашса, MOL компаниясы Венгрия мен Словакияның мұнай импортын әртараптандырып отыр.