Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару шаралары аясында бюджетке 177 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгінгі күнге дейін арнайы мемлекеттік қорға қайтарылған ақшалай қаражаттың жалпы көлемі 177 млрд теңгеден асқан. Оның басым бөлігі 147 млрд теңге келісімдердің нәтижесінде, тағы 19 млрд теңге процестік келісімдер арқылы қайтарылды. Бұдан бөлек, мемлекет пайдасына сатылған активтерден 6 млрд теңгеден астам, сот шешімдері арқылы шамамен 5 млрд теңге қайтты. Ал жылжымайтын мүлікті жалға беруден 165 млн теңгеден астам қаржы түскен.
Мемлекетке қайтарылған активтердің ішінде екі сәнді вилла, әкімшілік ғимарат, тұрғын үйлер, пәтер, жер телімі және екі қымбат автокөлік бар.
Активтерді сәтті сатудың жарқын мысалы ретінде Алматыдағы жер телімі аталады. Мемлекет бұл жер телімін заңсыз иемденген субъектіден 176 млн теңгеге қабылдап, нарықтағы сауда нәтижесінде төрт есе қымбатқа 657 млн теңгеге сатқан.
Сондай-ақ, активтерді қайтару бойынша арнайы тізілімдегі субъектілермен жасалған келісімдер негізінде алдағы уақытта мемлекеттік қор қосымша 150 млрд теңгеден аса қаражатпен толығуы күтілуде.
Бас прокуратура қайтарылған барлық қаражаттың елдегі әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

