Kaspi Group компаниясының акционері Вячеслав Кимнің жұбайы Татьяна Ким 2022 жылы Лондоннан аса қымбат екі пәтер сатып алған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Қаладағы элиталық тұрғын үй кешенінде орналасқан пәтерлердің жалпы құны – £25,7 млн.
«Қаңтар оқиғасынан көп ұзамай сатып алынған екі пәтердің үлкені үшінші қабатта орналасқан. Жалпы ауданы 500 шаршы метрді құрайтын бұл пәтерде үш жатын бөлме, қонақ бөлме, асхана мен төрт жуынатын бөлме бар. Оның бағасы шамамен £20 млн тұрады. Ал бесінші қабаттағы екінші пәтерде бір жатын бөлме, қонақ бөлме және екі жуынатын бөлме орналасқан. Оның құны – £5,7 млн», – деп жазған «ВЧК-ГПУ» телеграм арнасы.
Арна авторларының айтуынша, бұл сатып алу Kaspi Group компаниясының Лондон қор биржасына шығуымен тікелей байланысты. Нақтырақ айтқанда, мәміле компанияны саяси тұлғалармен байланыстан арылту мақсатында жасалған.
«Вячеслав Ким өз байлығын Назарбаев отбасымен байланысы бар кезде жинады. Кейін Қайрат Сатыбалды Kaspi Group компаниясындағы өз үлесін Кимге берген. Айта кетерлігі, 2018 жылы Вячеслав Ким мен оның отбасы Мальтаның инвестициялық азаматтық бағдарламасы арқылы осы елдің азаматтығын алған», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Татьяна Ким Ұлыбританияда 2022 жылдың тамызынан бастап Evoshave атты инновациялық ұстара шығаратын компанияның иесі болып саналады.
Ким деген кім?
Forbes Kazakhstan мәліметіне сүйенсек, Вячеслав Ким Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы әрі акционері. 2023 жылдың сәуіріндегі дерек бойынша, оның компаниядағы үлесі – 23,34%. Kaspi.kz нарықтық капиталы – 13,74 млрд долларды құрайды. Forbes Кимнің жеке байлығын 3,6 млрд долларға бағалап отыр. Ол компанияға Михаил Ломтадземен бірге иелік етеді.
Айта кетейік, 2022 жылдың қыркүйек айында Қайрат Сатыбалды алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған «Көлік сервис орталығы» мен «Қазақтелеком» компанияларынан миллиардтаған теңге қаржы жымқырды деген айып тағылған.
2023 жылдың қазан айында Қанат Сүлейменов Сатыбалдының 300 млн долларлық активтері мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді.

