Қазақстан Ирандағы әскери жанжалға байланысты бейтарап ұстанымда қала береді және тараптардың ешқайсысын қолдамайды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметтегі брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевқа Таяу Шығыстағы шиеленіс кезінде Ақорданың неге Ираннан гөрі Катар, Кувейт, БАӘ, Бахрейін және Сауд Арабиясына жақындық танытып отырғаны туралы сұрақ қойылды.
«Қазақстан ешбір елдің ішкі ісіне араласпайды. Жанжалға қатысты біздің ұстанымымыз бейтарап. Ешкімнің жағына шықпаймыз. Иранның да, шабуылға ұшыраған мемлекеттердің де сөзін сөйлемейміз», – деп жауап берді Әлібек Бақаев.
Оның айтуынша, Қазақстан әскери қақтығыстарға қарсы және мұндай жағдай тек дипломатиялық жолмен, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық талаптарына сай реттелуі керек деп есептейді.
«Осындай жанжалдардың дипломатиялық келіссөз арқылы шешілгенін қалаймыз және тараптарды келіссөз үстеліне отыруға шақырамыз. Біздің ұстанымымыз халықаралық құжаттарда айқын жазылған – ол ешқашан өзгермейді», – деді СІМ өкілі.
Иранда не болып жатыр? Трамп неге Тегеранға тап берді? Толығырақ осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







