Армения мен Әзербайжан басшылары Уашингтонда тарихи келісімге қол қойды деп хабарлайды Ertenmedia.
АҚШ президенті Дональд Трамптың тікелей араағайындығымен жүзеге асқан декларация екі ел арасындағы көпжылдық қарулы қақтығысқа нүкте қойып, бейбіт қатынас пен дипломатиялық диалогқа жол ашты.
Құжат Армения премьері Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Илхәм Әлиевтің тікелей келіссөздері нәтижесінде қабылданған.
Тараптар қол жеткізілген бейбіт келісімді толық бекіту мен ратификациялауды мойнына алды. Сондай-ақ, өзара егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеу, әскери текетірестен бас тарту міндетін де өз жауапкершілігіне алып отыр.
Декларацияның басты тармағының бірі өңірдегі көлік қатынасын жақсарту және Әзербайжанның негізгі аумағы мен Нахишеван эксклавы арасын жалғайтын жаңа транспорттық дәліз ашу. Армения аумағы арқылы өтетін осы дәліз Иранмен шектесетін тұстан орын тебеді.
АҚШ басшысының атымен «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу маршруты» аталған осынау көлік бағыты Әзербайжан мен Нахишеван арасында тікелей байланыс орнатып, Бакудің Түркиямен экономикалық қарым-қатынасын нығайтады деп күтілуде.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Анна Келлидің айтуынша, дәліз Арменияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын толық сақтай отырып қызмет етпек. Ұзындығы 32 шақырымды құрайтын дәліз арқылы адамдар мен тауардың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етіліп, аймақтың экономикалық дамуына тың серпін бермек. Келісімге сәйкес, дәлізді 99 жыл бойы АҚШ компаниялары жүзеге асыру құқығына ие болды.
Президент Тоқаев Әзербайжан мен Армения арасындағы келісімді тарихи жетістік деп бағалады.
Оның пікірінше, АҚШ президентінің жеке араласуы және тараптардың саяси ерік-жігері арқасында ғана көпжылдық күрделі мәселе шешімін тапқан.
Сонымен қатар, Тоқаев бұға Ақорданың да атсалысқанын атап өтті. Біздің ел келіссөздердің маңызды параметрлерін талқылау үшін Алматы қаласын екі елдің сыртқы істер министрлері кездесетін алаң ретінде ұсынған еді.