АҚШ президенті Дональд Трамп Уашингтонда Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөз жүргізіп, Анкараның Ресей мұнайына тәуелділігін сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.
БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысу үшін АҚШ-қа келген Ердоғанды Ақ үй салтанатты түрде қарсы алды. Кездесудің басты тақырыбы Украинадағы соғыс пен энергетикалық қауіпсіздік мәселесі болды.
Трамп журналистер алдында Ердоғанның Ресей мұнайынан бас тартуы қажеттігін ашық айтты.
«Ол жасай алатын ең жақсы әрекет Кремльдің мұнайы мен газын сатып алуды доғару», – деді Трамп Ердоғанды меңзеп.
Кейін журналистер Ердоған мұндай қадамға келісе ме деп сұрағанда, АҚШ президенті:
«Мен бұған тікелей жауап бергім келмейді. Бірақ мен қаласам, ол бұл шешімді қабылдайды. Сіздер білесіздер ме, неліктен? Себебі мұнай сатып алатын басқа да көптеген елдер бар», – деп астарлы жауап берді.
Трамп сондай-ақ, Түркиямен қорғаныс саласында бұрын енгізілген санкцияларды алып тастауға дайын екенін байқатты. Ақ үй басшысы Ердоған келіссөздерде оң ұстаным танытса, Анкараны бесінші буындағы F-35 және F-16 әскери ұшақтарын жеткізу бағдарламасына қайта қосуға дайын екенін айтты.
Еске салсақ, АҚШ-тың бұған дейінгі санкциялары Анкараның Ресейден С-400 әуе қорғаныс жүйелерін сатып алуына жауап ретінде енгізілген болатын.
Ердоған өз кезегінде АҚШ-қа сапарының маңызын ерекше атап өтіп, екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға мүмкіндік туғанын жеткізді. Түркия президенті қорғаныс, энергетика және сауда салалары бойынша келіссөздердің нәтижелі болғанын айтты. Алайда Ресей мұнайынан бас тартуға қатысты нақты мәлімдеме жасаған жоқ.