Ресейдің Курск облысында Украина әскерінің ауқымды шабуылы басталды. Бұл туралы өңір губернаторының бұрынғы кеңесшісі Роман Алехин өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Украинаның ауқымды шабуылы Суджа аймағынан Большое Солдатское бағытына қарай басталғаны хабарланды. Бұл үшін минадан тазарту тралдары, танктер, бронтехника және дрондардың жұмысын қиындататын радиоэлектрондық күрес құралдары қолданылып жатқаны айтылды.
Шабуыл қатып қалған топырақтың техникаға қолайлы болуымен байланыстырылуда. Суджа аймағындағы температура қазір -6 градус шамасында.
«Курск жаңалықтары» Telegram-арнасы хабарлағандай, облыс әкімінің міндетін атқарушының айтуынша, Украина қарулы күштері Ивановское ауылындағы нысандарға зымыран соққысын жасаған.
Зақым келген ғимараттар арасында Мәдениет үйі, пошта бөлімі, сауда орталығы және алдын ала мәлімет бойынша бір тұрғын үй бар. Сондай-ақ газ құбырының бір бөлігі аз ғана зақымданған, ал интернат мектебі сынықтардан зардап шеккен. Қаза тапқандар жоқ.
Әскери сарапшы Анатолий Матвийчуктың мәлімдеуінше, Украина Қарулы Күштері Курск облысында шабуыл жасап, ол жерлерде Дональд Трамптың инаугурациясына дейін бекінуді жоспарлап отыр. Сарапшы украиналық әскердің шабуылы екі-үш апта бойы жалғасып жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл Ресей Қарулы Күштері украиналық әскердің қорғанысын бұзып, оларды Ресейден ығыстыра бастағандықтан, жүзеге асуы әбден мүмкін жағдай болған.