Жақын болашақта әлемде уранға сұраныс күрт өсіп, оның тапшылығы туындауы әбден мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.
Дүниежүзілік ядролық қауымдастық (WNA) есебіне сүйенсек, алдағы бес жыл ішінде атом электр станцияларына қажетті уран көлемі шамамен 30%-ға артады.
Қазірдің өзінде көптеген елдер атом энергиясына көшіп, экологиялық және энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуды көздеп отыр. Бұған қазіргі күрделі геосаяси ахуал да тікелей әсер етуде.
Сарапшылардың есебінше, әлемдік уран қажеттілігі 2030 жылға қарай бүгінгімен салыстырғанда 28 пайызға, ал 2040 жылға қарай екі еседен астам деңгейге артады. Мәселен, былтыр әлемдік сұраныс 67 мың тонна болса, алдағы 15-20 жылда бұл көрсеткіш жылына 150 мың тоннаға дейін ұлғаймақ.
Атом электр станцияларының қуаты да сәйкесінше өсе түседі. WNA есебіне сай, 2030 жылға қарай қуат көлемі 13%-ға, ал 2040 жылға қарай тіпті 87%-ға өсіп, 746 ГВт-қа жетеді деп болжанып отыр. Бұл үдеріске шағын модульдік реакторлардың (SMR) қарқынды дамуы айтарлықтай ықпал етеді. Өйткені шағын реакторларды салу әлдеқайда оңай әрі экономикалық тұрғыдан тиімді.
Қысқа мерзімде уран тапшылығы байқалмайды. 2022-2024 жылдар аралығында өндіріс көлемі 22%-ға артқан. Алайда мамандар 2030 жылдан кейінгі кезеңді қауіпті санайды. Себебі жаңа кен орындарын ашып, өндірісті жолға қою үшін кемінде 10-20 жыл уақыт керек.
Демек, дәл қазір жаңа кеніштерді игеруге инвестиция салмаса, 2030 жылдан соң уран жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Бұл уақытқа дейін ескі шахталардағы өндіріс екі есе азаяды, сондықтан жаңа кен орындарын ашу немесе бұрын жабылған шахталарды қайта іске қосу күн тәртібіндегі өткір мәселе.
Сонымен қатар, Украинадағы соғыстан кейін уран байыту саласында да тапшылық пайда болып, бұл мәселені жедел шешу үшін басқа мемлекеттерде осы бағытты дамытуға деген қызығушылық артқан.