АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің Ирандағы 450 кг 60%-ға байытылған уранды Ресейге әкету туралы ұсынысынан бас тартты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Axios порталының дерегінше, бұл ұсынысты Ресей басшысы 9 наурыз күні АҚШ президентімен телефон арқылы сөйлескен кезде айтқан. Әңгіме барысында Путин АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тоқтатудың бірнеше нұсқасын ұсынған. Солардың бірі – Ирандағы байытылған уранды Ресейге тасымалдау идеясы болған.
60 пайызға дейін байытылған уранның қауіптілігі – оны қару деңгейіне (90%) бірнеше аптаның ішінде жеткізуге болады. Иранда сақталған 450 келі мұндай уран 10-нан астам ядролық бомба жасауға жеткілікті.
«Уранды Ресейге әкету идеясы алғаш рет ұсынылып тұрған жоқ. Бірақ біз оны қабылдай алмадық. АҚШ-тың ұстанымы бойынша, ең бастысы – уранның сенімді әрі қауіпсіз жерде сақталатынына кепілдік алу», – деді Axios тілшісіне америкалық шенеуніктердің бірі.
Ресей бұл идеяны бұған дейін де көтерген еді. Атап айтқанда, 2025 жылдың мамырында АҚШ пен Иран арасында келіссөздер кезінде де осындай ұсыныс жасалған. Бұл 2025 жылдың маусымында АҚШ пен Израильдің Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасауының қарсаңы болатын. Сонымен қатар, ұсыныс Таяу Шығыста 2026 жылдың 28 ақпанында басталған соғыс қарсаңында тағы бір мәрте көтерілген.
Ақпарат көзінің хабарлауынша, Дональд Трамп бұл мәселені тек Путинмен емес, Қытай басшысы Си Цзиньпинмен және Еуропа елдерінің жетекшілерімен де талқылап отыр.
Ал соңғы келіссөздер кезінде Иран байытылған уранды өз еркімен АҚШ-қа тапсырудан бас тартты. Axios мәліметінше, Иран тарапы халықаралық атом энергиясы агенттігінің бақылауымен байытылған уранды өз аумағында араластыруды ұсынған. Сонымен қатар, The Wall Street Journal газетінің жазуынша, Тегеран уран қорының бір бөлігін Ресейге тасымалдауға дайын болған. Алайда бұл ұсыныстарды АҚШ қабылдамаған.
Axios порталы бұған дейін АҚШ пен Израиль соғыстың келесі кезеңінде Ирандағы ядролық арсеналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы жасақтарды жіберу мәселесін талқылағанын хабарлаған еді. АҚШ соғыс министрі Пит Хегсет елде ирандық жоғары деңгейде байытылған уран қорын бақылауға алу үшін бірнеше нұсқа бар екенін мәлімдеді. Дегенмен АҚШ тарапы ирандықтардың ядролық қорды өз еркімен тапсыруын «құптайтынын» атап өткен.
Контекст
Еске сала кетсек, 2015 жылы Иран мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесі – Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Германия арасында Иранның ядролық бағдарламасы туралы келісімге қол қойылған еді. Келісім бойынша, санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастауға жауап ретінде Иран МАГАТЭ-нің бақылаушыларына өз объектілеріне кіруге рұқсат беріп, байытылған уранның басым бөлігін шетелге жіберуі керек болатын.
Нәтижесінде Ресей 11 тоннадан астам ирандық уранды алып, орнына Тегеранға шамамен 140 тонна шикі уран кенін берген.
Алайда 2018 жылдың мамырында АҚШ президенті Дональд Трамп Иран келісімінен шыққанын жариялады. Оның айтуынша, АҚШ Иранның ядролық қару жасау жұмыстарын жалғастырып жатқанын дәлелдейтін айғақтарға ие болған. Осылайша, Иранның СВДП келісімін бұзып отырғаны айтылған еді.
Теғранға қарсы соғыс әлем назарын өзіне аударған тұста АҚШ ешкім күтпеген жерден тағы бір елге «басып» кірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







