Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін инватакси қызметінің тәртібі біртіндеп өзгеруде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастаған пилоттық жоба аясында Астана мен Алматыда инватаксиге такси агрегаторларын қосу қолға алынған. Соның нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері екі қалада арнайы қызмет 401,9 мың рет пайдаланылған. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша инватакси қызметін пайдалану саны 207,2 мың шамасында болған. Яғни жаңа тәсіл сұраныстың артуына да, қызметтің жиі қолданылуына да әсер еткен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұған дейін инватакси алудың өз ережесі болды. Адам бір жерге баруы керек болса, бір күн бұрын телефон соғып жазылуға тиіс еді. Көлік жетіспесе, кезек күтуге тура келетін. Барлығы бір орталық диспетчер арқылы қадағаланып, әр сапар алдын ала жоспарланатын.
Мүгедектігі бар азамат үшін бұл белгілі бір шектеу. Ойда-жоқта пайда болған шаруамен еркін қозғалу қиын. Министрлік пен жергілікті әкімдіктер осы жағдайды талдап, инватакси механизмін жеңілдету қажет деген қорытындыға келген болатын.
Сол үшін такси агрегаторларын тарту туралы шешім қабылданды. Нарықтағы платформаларға ұсыныс жасалғанда, мүгедектігі бар адамдардың сапарынан әдеттегі комиссия ұстамау ұсынлды. Яғни, агрегатор компания өз пайдасын емес, әлеуметтік жауапкершілікті алдыңғы орынға қоюы керек болды. Осы шартқа «Яндекс» компаниясы келісіп, жобаны тегін негізде қолдауға дайын екенін білдірген.
Қазір пилот аясында Астана мен Алматыдағы мүгедектігі бар азаматтар инватакси қызметін Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы шақыра алады. Кәдімгі жеңіл автокөлік шақырғандай-ақ, бірақ ішінде арнайы инватакси қызметі ретінде есептелетін маршрут жүреді. Қосымша көлікті тез таңдауға, тапсырыстың қай кезеңде тұрғанын онлайн көруге, жасалған сапарларды бақылауға мүмкіндік береді.
Қосымшада ерекше қажеттіліктер туралы арнайы экран енгізілген. Қызмет алушы арбада жүретінін, жүріп-тұруы шектеулі екенін, көлікке отыру мен шығуға көмек керек болатынын алдын ала белгілей алады.
Өз кезегінде жүргізушілерге де арнайы нұсқаулық ұсынылады. Адамды қалай қарсы алу, машинаға қалай дұрыс отырғызу, қауіпсіздікті қалай сақтау керектігі жөнінде түсініктемелер берілген.
Жоба әзірге пилоттық режимде жүріп жатыр. Қызметті пайдаланып жүргендер Астана мен Алматыдағы мүгедектігі бар азаматтардан құралған фокус-топ. Олар қолдану кезінде қандай қиындық кездескенін, интерфейстің қаншалықты түсінікті екенін, жүргізушілердің дайындық деңгейін айтып, кері байланыс беріп отырады. Министрлік осы пікірлерді жинап, техникалық және ұйымдастырушылық түзетулер енгізуде.
Алдағы жоспар осы тәсілді басқа өңірлерге де біртіндеп кеңейту. Өйткені қозғалуы шектеулі адамның еркін жүріп-тұруы тек екі қалада емес, бүкіл елде маңызды. Егер пилот толық өзін-өзі ақтаса, инватакси қызметінің форматы түбегейлі өзгеріп, бұрынғы ұзақ телефон қоңыраулары мен жетпей қалатын көліктер кезеңі біртіндеп артта қалуы мүмкін.

