Жапония үкіметін басқарған және Азия елдерімен, әсіресе Қытаймен байланысты нығайтуға үлкен үлес қосқан мемлекет қайраткері Ясуо Фукуда 90 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, саясаткер 22 қазанда Токиодағы емханалардың бірінде дүниеден өткен. Бұл ақпаратты Либерал-демократиялық партия мен марқұмның отбасы растады. Фукуда Жапонияның конституциялық тарихында әкесінен кейін премьер-министр лауазымына тағайындалған алғашқы саясаткер ретінде тіркелген еді. Оның әкесі Такео Фукуда 1976–1978 жылдары Жапония үкіметіне жетекшілік еткен.
Мұнай саласынан саясатқа дейінгі жол
Фукуда Васеда университетінің экономика факультетін бітіргеннен кейін бірден саяси мансапқа ұмтылмады. Ол мұнай компаниясында жиырма жылға жуық еңбек етіп, АҚШ-тағы филиалда да екі жыл қызмет атқарды. 1976 жылы әкесі Такео Фукуда премьер болған кезде ғана жеке сектордан кетіп, оның саяси хатшысы болып жұмысқа кірісті.
Арада жылдар өткен соң, 1990 жылы 53 жасында парламенттің төменгі палатасына депутат болып сайланды. Ол аталған мандатты қатарынан жеті мәрте иеленді. Ал 2000–2004 жылдары Үкімет аппаратының бас хатшысы міндетін атқарып, Йоширо Мори мен Дзюнъитиро Коидзуми үкіметтерінде маңызды тұлғалардың бірі болды.
Саяси тығырық және бір жылдық басқару
Ясуо Фукуда 2007 жылдың күзінде денсаулығына байланысты кенеттен қызметінен кеткен Синдзо Абэнің орнына премьер-министр болып сайланды. Алайда ол билік тізгінін алған кезеңде парламенттің жоғарғы палатасын оппозиция бақылап отырғандықтан, маңызды заң жобаларын өткізу қиынға соқты.
Парламенттегі саяси қайшылықтар кесірінен заң шығару процесі тығырыққа тірелген соң, Фукуда 2008 жылы отставкаға кетті. Осылайша ол елде шамамен бір жыл ғана қызмет еткен алты үкімет басшысының біріне айналды.
Көрші елдермен байланыс және дипломатиялық мұра
Саясатта ұстамды, бейбітшіл ұстанымымен ерекшеленген Фукуда премьер болған қысқа мерзімде көршілес елдермен, әсіресе Қытай мен Оңтүстік Кореямен қарым-қатынасты реттеуге күш салды. 2008 жылы Токиоға Қытай төрағасы Ху Цзиньтао ресми сапармен келіп, екі мемлекет стратегиялық өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге келді.
Сонымен қатар, көршілес мемлекеттердің қарсылығын тудыратын Ясукуни ғибадатханасына зиярат ету мәселесінде де Фукуда табандылық танытты.
«Өзге тараптың көңіліне тиетін, оларға ұнамайтын қадамдарға барудың қаншалықты қажеті бар?» – деп түсіндірді Ясуо Фукуда бұл кешенге барудан түбегейлі бас тарту шешімін.
2012 жылы үлкен саясаттан кетсе де, ол Токио мен Бейжің арасындағы бейресми диалог арнасын үзбеді. 2014 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жүздесіп, екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздерге негіз қалады. Қазіргі таңда оның ұлы Тацуо Фукуда да парламент депутаты болып, әулеттің саяси жолын жалғастырып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







