Түнеукүні депутат Зайытов экс-президент Назарбаевтың немере інісі Нұрбол Назарбаевқа қатысты тәркіленген дүние-мүлік әлі де толық зерттелмегенін айтқан еді деп жазады Ertenmedia.
Orda порталының мәліметінше Нұрбол жалпы сомасы 106,75 миллион доллар (57 миллиард теңге) көлеміндегі активінен айырылған. Сот шешімі бойынша Назарбаевтың есеп-шоты бұғатталып, бизнесі бақылауынан шығарылды және активтерін пайдалануға толық тыйым салынған.
Осыған орай Мәжілісте мәселе көтерген Ринат Зайытов тәркіленген актив айсбергтің бергі беті ғана екенін айтқан. Ел ішінде Назарбаев әулеті Алматы мен Алматы облысындағы шұрайлы жерді заңсыз иемденді деген әңгіменің гу-гулеп тұрғанын жеткізген.
«Алтын Орда? Тәркіленген активтің ішінде осы базарға қатысты еш ақпарат жоқ. Сондықтан қоғамның тарапынан сұрақ туындауы заңды. Бас прокурордан Назарбаевтың барлық мүлкін түгендеп, толық тексеру жүргізуді сұраймын», – деген еді Зайытов.
Бас прокурор Берік Асылов депутат көтерген мәселесі бойынша ресми жауап берді. Айтуынша, әулеттің заңсыз иеленген активін қайтару жұмысы жалғасуда. Бірақ бір нюанс бар, істің егжей-тегжейі құпия сақталады.
«Заң бойынша активтерді қайтаруға жауапты орган алған мәліметтің құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті. Сіз ұсынған дерек активтерді заңсыз иемдену және шетелге шығару әрекетіне тосқауыл қою және оларды қайтару барысында ескеріледі», – деді Асылов.
Осылайша, Бас прокуратура депутат мәлімдемесін назарға алып, Назарбаев отбасының дүние-мүлкін тексеру жалғасатынын жеткізді.
Болат Назарбаев өзінің өсиетхатын алғаш рет 2014 жылы жазып, онда барлық мүлкін үлкен ұлы Нұрболдың атына табыстаған. Бөкеңнің өзі өмірден өткенмен, отбасының активі ыдырай қоймаған еді.
Бөкеңнің артында 9 заңды баласы, одан бөлек онға жуық заңсыз бала қалды. Оның ішінде бәйбішенің ұлдары Нұрбол мен Ербол Назарбаевтардың қолы ұзын.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Оспанов операциясының соңғы минуты: Ақша толы пакетпен аяқталған мансап

