Астананың Сарыарқа ауданында мектеп оқушылары арасында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Алғырлар – 2025: идеядан болашаққа» атты оқушылар жобаларының байқауы ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Байқаудың мақсаты жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу.
– Байқауға ауданымыздағы 33 мектептің оқушылары қатысып отыр. Әр қатысушы өз жобасын видео-эссе форматында ұсынды. Оқушылар мектептегі буллинг пен кибербуллинг, интернет-алаяқтық және кәмелетке толмағандар арасындағы өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жобаларды беделді қазылар алқасы бағалайды. Ең бастысы – бұл жай ғана байқау емес, тиімді әрі тың бастамалар алдағы уақытта тәжірибеде қолданылатын болады, – деді Сарыарқа ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Қасымжомарт Бейсенбай.
Оқушылар көтерген негізгі тақырыптары оларға жақсы таныс. Буллинг, кибербуллинг, интернет-алаяқтық, жасөспірімдер арасындағы ұсақ құқықбұзушылықтар. Бірі мектеп ішінде «сенім жәшігі» мен анонимді хабарлау жүйесін ұсынса, енді бірі сынып жетекшісі, психолог, ата-ана үштігінің тұрақты байланысын күшейтуді айтты.
Интернет-алаяқтыққа келгенде балалардың өзі көп нәрсені анық түсіне бастаған. Бейтаныс сілтемеге кірмеу, код айтпау, «ақшаңды қауіпсіз шотқа аудар» деген сөзге ермейтін болған.

