Елордада «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында кезекті рейдтік шара өтті. Сарыарқа ауданы әкімдігі, аудан прокуратурасы, полиция басқармасы және «Жастар рухы» еріктілері бірігіп, ойын-сауық орындарын аралады. Негізгі мақсат – кальян мен электронды темекіні қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салатын заң нормаларының орындалуын қадағалау, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жай ғана тексеріс емес, қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың денсаулығын қорғауға бағытталған бастама. Өйткені қоғамда қалыптасқан салт-сана мен заң талаптарын елемеу – ертеңгі ұрпаққа қауіп төндіреді.
Қазіргі таңда заң бәріне бірдей. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 441-бабында қоғамдық орындарда темекі өнімдерін қолдануға қатаң тыйым салынған. Оған кәдімгі шылым ғана емес, қыздырылған темекі бұйымдары, кальян қоспалары, электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтары да кіреді. Бұл норма кездейсоқ енгізілген жоқ, себебі электронды құрылғыларды қауіпсіз деп есептеу қате ұғым екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Жасөспірімдер арасында кең тараған осындай өнімдер денсаулыққа да, қоғамға да зиянды.
Биылғы жылдың өзінде Сарыарқа ауданында аталған заңды бұзған 500 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бұл – жай ғана сан емес, мәдениеттің көрсеткіші. Әрбір азамат заңға бағынған кезде ғана қоғамдық тәртіп нығаяды. Заңға қарсы әрекеттің жазасыз қалмайтынын қоғам түсінуі тиіс. Осындай шаралар арқылы қоғамда «заңға бағыну – міндет емес, өмір салты» деген түсінік қалыптасуы керек.
Рейдтерге еріктілердің қатысуы да маңызды. Бұл – жастардың өздері таңдаған өмір салтына, өз ортасының тазалығы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауының белгісі. Заңды қорғау тек полиция мен прокуратураның ғана емес, әр азаматтың парызы. Кальян мен электронды темекіні шектеу арқылы мемлекет тек шылымқорлыққа емес, жалпы қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етуде. Қоғамдағы тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттіліктің басты негіздерінің бірі.
Мұндай рейдтер жалғаса бермек. Қоғамда заңды құрметтеу мәдениеті күшейген сайын, ортақ тәртіп орнайды. Ал тәртіпсіз қоғам – тұрақсыз қоғам. Бүгінгі тексерістер мен жазалар болашақтың денсаулығына, жастардың тағдырына тікелей әсер ететінін түсінуіміз керек. «Заң және тәртіп» қағидаты – жай ұран емес, әділетті қоғам құру жолындағы нақты қадам.