Астанадағы жаңа стадион құрылысына 17 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік маңызды инфрақұрылым нысандарын салып жатыр.
Астанадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы ескі стадионның орнына жаңасын салуға арнаулы мемлекеттік қордан 17,3 млрд теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.
Қ.Мұнайтпасов атындағы орталық стадион 1936 жылы салынған. Қазір ескі ғимарат жарамсыз болғандықтан толығымен бөлшектелген. Жаңа стадионның құрылысы 2025 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Спорт нысаны қозғалыс мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орындарды қосқанда жалпы 3598 орынға есептелген. Стадион UEFA халықаралық стандарттарына сай салынады.
«Құрылыс аяқталғаннан кейін нысанды Астана қаласы әкімдігінің №8 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балансына беру жоспарланып отыр. Жаңа стадион оқу-жаттығу жиындары үшін қолданысқа беріледі», — деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін қаржы қайда жұмсалды?
Бүгінде түрлі өңірлерде әлеуметтік маңызы бар 16 нысанды салуға арнаулы мемлекеттік қордан 82 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Оның ішінде 7 мектеп, 2 спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, облыстық жедел жәрдем стансасы, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, жатақхана және 2 балабақша бар. Сонымен қатар, қаражат Қызылорда облысындағы Арал ауданында сумен жабдықтау жүйелерін салуға және жаңғырту жұмыстарына бағытталды.